ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ: Жәнібек хан

Қазақ тарихында Жәнібек хан - Қазақ хандығының құрылу үрдісіне толық қатынасып, басшылық еткен тарихи тұлға. 1469 жылға дейін Қазақ хандығының халқы Әбілхайыр ханның қарсыластары есебінен өсе түседі. 1463 жылы Әбілхайыр хан қайтыс болған соң, көшпелі өзбектер мемлекетіне Сібірден - Ибақ хан, Алтын Ордадан - Ахмет хан, Ноғай ордасынан - Мұса мен Жаңбыршы билер, Хорезмнен - Береке сұлтан, ал Қазақ хандығынан Жәнібек хан қарсы шығады. 1470 жылдың басында Шайх-Хайдар хан өлтірілген соң, көшпелі өзбектер мемлекеті толығымен күйреп, Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығының билігі орнайды. Билік үшін күрес Жәнібек хан мен оның үзеңгілестері қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығының құрылуына үлес қосты. XV ғасырдың орта шенінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды. Жәнібек ханның Дешті-Қыпшаққа оралғаннан кейін билігін күшейткені туралы, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи деректерде соңғы рет 1473 жылы кездеседі. Бұдан кейінгі жылдары Керей хан туралы ғана айтылған. Жәнібек хан жиі болатын шайқастардың бірінде қаза тапқан деп болжауға болады. Сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп те атаған. Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды. Оның артында тоғыз ұлы қалды. Олар: Иренші, Махмұт, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Әсік және Жадық. Бұлардың ішінде Қасым мен Әдіктің 15 ғасырдың соңы - 16 ғасырдың басында қазақ қоғамындағы рөлі өте зор болды. 16 ғасырдың соңынан 19 ғасырға дейінгі барлық қазақ хандары Жәнібек ханның ұлы Жадық сұлтаннан тарайды.

Дереккөзі: 


Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 3-томы