Қазақ кино өнеріне Қытайдан "Ақсарыбас" деп аталатын жаңа фильм қосылды


"Бұл фильм Қытай орталық телевизиясының кинофильм жасау орталығының жетекшілігімен қазақ тілінде түсірілді. Актерлердің бәрі Шыңжаңнан шыққан өнер адамдары. Сондай-ақ Қазақстаннан Нұрлан Әлімжанұлын шақырдық. Кино 100 жылдың алдындағы қазақ сахарасындағы көшпенді өмір, қазақы дүниетаным мен дәстүрлі мәдениетке негізделген. Ішінде махаббат пен сүйіспеншілік бар", - дейді ҚХР Шыңжаң автономиялық аудандық Жазушылар одағы төрайымы, сценарий авторы Ергеш Құманбекқызы.

Қытай қазақтарының "Хасен-Жәмиләдан" бастау алған әрбір кино туындысын қазақстандық көрермен барлық кезде үлкен қызығушылықпен қабылдап келе жатыр. Олардың ең соңғысы - "Көрікті мекен" фильмі. Ұзақтығы 1 сағат 40 минут болатын бұл туындыда қазақтың тұрмыс-салты, дәстүрі барынша молынан қамтылған. Бұл жазушы, аудармашы, сценарист Е. Құрманбекқызының сценарийімен түсірілген екінші фильм. Автор бұл шығарма қазақстандық көрерменнің "Көрікті мекеннен" кейін Қытай қазақтарының кинофильмдері туралы қалыптасқан ыстық ықыласын одан әрі арттырмаса, кемітпейді, деп үміттеніп отыр.