«Қазір кино әлемдік өнер, оның бойында ұлттық бояудың болуы міндетті емес деген ұғым бар. Өйткені олардың көбі өзінің тілін, дәстүрін білмейді. Сондықтан әлемдік кинолардың көшірмесін жасауға тырысады. Ол өнерге жасалған қиянат деп ойлаймын», - дейді Ж. Жетіруов. Оның 2007 жылдан бастап жазған сценариі негізінде 2011 жылы түсірілген «Аққыз» фильмі екінші толық метражды туындысы болып отыр. Ол бұған дейін ұйымдастырушылардың шақыруымен 2011 жылы 15-28 қарашада Эстонияның Таллин қаласындағы «Вlack Night», ал биыл 27 шілде мен 5 тамыз аралығында Үндістаннның Дели қаласындағы «Osians Cinefan», 6-12 қарашада Түркияның Анталия қаласындағы «Golden Appricot» және 10-17 қарашада Үндістанның Калькутта қаласындағы халықаралық кинофестивальдерге қатысты. Сондай-ақ 14 қарашада Бостон, 20 қарашада Вашингтонда АҚШ-тың Кеннан институтында өткен «Дала гүлдері» фестивалі «Аққызбен» жабылған болатын.
Жәнібек Жетіруовтың сөзіне қарағанда, «Фильм осы заманда болған оқиғаның негізінде түсірілген. Онда қазақтың 2 мың жылдық тарихында болған кейіпкерлердің образдары ашылады. Мысалы, Асан қайғы, Қорқыт ата, Қарлығаш билер біздің заманымыздағы кейіпкерлеріне түс болып келіп тарихымыздың бай мифологиясымен астасып жатыр. Жалпы өз сценариіңмен түсіру жеңілірек. Оны жазып отырған кезде сюжетті көз алдыңа елестетіп, режиссерлік тәжірибеңді пайдаланып, онда әдістерді елеп-екшелеп аласың».