ҚАЗАҚ КҮРЕСІ: 1 млн. теңге жүлдені оңтүстікқазақстандық палуан олжалады

Аталмыш жарыс қазақ күресінен 1939 жылы еліміздің тұңғыш түйе палуаны атанған Еңсеп Досқалиев, самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Асқар Шайхиев, оның бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батыр Қуанышев және қазақ күресінен БҚО-ның бірнеше мәрте түйе палуаны Оралбек Қожагелдиннің құрметіне өткізілді.

Турнирде Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының (әр ауданнан бір адамнан) және Алматы, Астана қаласының палуандары бақ сынады. Олар боз кілемге 90 және 90 келіден жоғары салмақта шықты. Сайыс қорытындысында 90 келіге дейінгі белдесулерден озық шыққан қазталовтық Ерназар Хамзин өгіз палуан атанды. Бұл салмақ бойынша ақтөбелік Еламан Қойшыбаев екінші, оралдық Олжас Сүлейменов үшінші жүлдені иеленді.

Бас жүлдеге тігілген 1 млн. теңгені оңтүстікқазақстандық белгілі палуан, 2013 жылғы «Қазақстан Барысының» қола жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов жеңіп алды. Тоқсан келіден жоғары салмақтағылар арасында оралдық Ринат Ибрашев екінші (жүлдесі - 200 мың теңге), қазталовтық Аңсар Хамзин үшінші (жүлдесі - 100 мың теңге) орынға көтерілді.