Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енуі мүмкін

Басқосу көрмені аралаудан басталды.Бұл күш атасы Қажымұқанның таққан белдігі, жеңіп алған төс белгілері. Ал, мынау үлкен көк кілем, ортасында белдесіп жатқан қос палуан бейнеленген. Жаңадан тоқылған кілем енді палуандардың астына төселмекші. 

Ал қазақ күресі жанашырларының басын қосқан конференция ұйымдастыру мәселелерін кеңінен ортаға салды. Мысалы, 7-ші желтоқсанда Таразда тұңғыш рет «Еуразия барысы» өтеді. Бұл шара 12 елге тікелей эфир арқылы көресетілмек. Бұдан кейінгі кезек «Әлем барысында». Ұлттық спортты дәріптеушілер мұнымен шектеліп қалмақ емес. Үкіметке ұсыныс  жіберіп қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізуді сұрап отыр. 

Серік Төкеев, Дүниежүзілік қазақ күресі Федерациясының президенті:

– Мына жапондықтардың дзюдосы, кәрістердің таэквондосы мектеп бағдарламасында бар. Біз мектеп бағдарламасына кіргізсек көп нәрсе керек емес деп ойламын. Әр мектептке бір-бір кілем, бір-бір күртеше әперсек, ол анау қазақ күресімен шұғылданатын ұл да қыз да, бір жағынан мұнда гимнастика да бар, жылдамдық та бар, олар өте бір мықты азамат боп өседі.

Бүгінде елімізде қазақ күресінен 588 жаттықтырушы бар екен. Төрешілердің біліктілігі мен біліміне баса назар аударылмақ. Күрестің ережесі, әдіс-тәсілдеріне өзгерістер енуі әбден мүмкін. Тіпті, боз кілемге шығатын палуандардың киіміне дейін өзгереді. Қарсыласы ұстағанда шыдас беретін күртешелердің тігілгеніне атақты қос палуан Бейбіт Ыстыбаев пен Ұлан Рысқұл дән риза.

Осыдан 10 жыл бұрын қазақ палуандары мынадай қара түсті киім киген болатын. Бүгінгі конференцияда осы киім мәселесі де талқыланып жатыр. Әзірге бір нақты шешім қабылдана қойған жоқ. Дегенмен палуандарымызға мына бір ақ түсті киім ұнап отыр.


Елімізде ұмытылып бара жатқан қазақ күресін жаңғыртқандардың бірі «КТК» арнасының бас директоры Арман Шораев екені мәлім. Енді ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген азамат төл спортты өрге бастамақ.

Арман Шораев, Қазақ күресі Федерациясының Президенті:

- Қазақ күрес федерциясының президенті болып сайландым. Кеше де айттым, бүгін де қайталағым келеді. 5 жыл бойы сіздермен бірге жұмыс істеуге ант берем алдыларыңызда.

Жаңа басшының жоспары да көп. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында қазақ күресін кеңінен насихаттап, ал мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО бағдарламасына енгізуді көздеп отыр.