Қазақ күресінің қанаты жайылды - «Жас Барыс» пен «Eurasia Barysy»!

2013 жылдың 5 қарашасы күні сағат 11:00-де «Rixos President Astana» қонақ үйінің “Orda” мәжіліс залында республикалық «Жас Барыс» турнирін қорытындылап, қазақ күресінен халықаралық «Eurasia Barysy» турнирі мен «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияны халыққа кеңінен таныстыру мақсатында баспасөз мәслихаты өтеді.

Қазақ күресінен республикалық «Жас Барыс» турнирі.

Қазақ күресінен кадеттер (1998-1999 ж.т.,9 с/д), жасөспірімдер (1996-1997 ж.т.,7 с/д) және жастар (1994-1995 ж.т., 7 с/д) арасындағы іріктеу турнирлеріне нүкте қойып, жаңа жеңімпаздарды анықтаған «Жас Барыс» турнирі 2-3 қараша күндері Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде өтті. Сыр өңірінде жалауы желбіреген республикалық сынға еліміздің әр аймағынан 3 жас және 23 салмақ дәрежесі бойынша 400-ге жуық талантты балуандар қатысқан болатын.

Дода қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған балуандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Турнир жыл сайын ұйымдастырылатын болады.

Қазақ күресінен халықаралық «Eurasia Barysy» турнирі.

Ұлттық спортымыздың беделін халықаралық аренада арттырып, қазақ балуандарының шеберлігін одан әрі шыңдау мақсатында ағымдағы жылдың 7 желтоқсаны күні «Eurasia Barysy» турнирі өтеді. Аталған халықаралық додаға Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Түркия, Иран, Польша, Ресей және Тәжікстан құрамалары қатысады.

Турнирдің өткізілу ережесі: балуандар 5 салмақ дәрежесі бойынша айналма жүйеде белдеседі. Белдесулер қазақ күресінің ережесімен командалық сипатта өтеді.

Жарыстың жүлде қоры: 80 мың АҚШ доллары

Өтетін орны – «Тараз Арена» спорт кешені, Тараз қаласы

«Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отыр.

Конференция барысында қазақ күресін әрі қарай дамытудың жаңа бағыты талқыланып, ұлттық спортымыздың қазіргі хал-күйі сарапқа салынады. Сондай-ақ, қазақ күресінің ережесі мен төрешілік ету және спорттық күртеше қатысты ұсыныстар жасалмақ. Қазақ күресінен өтетін спорттық сайыстар мен жаттығу жұмыстарының мәртебесін көтеріп, балуандардың шеберлігін арттыру да конференция қатысушыларының талқысына түседі.

Конференция барысында «Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін» жүлдесімен төл күресіміздің дамуына атсалысқан азаматтар салтанатты түрде марапатталады.


Конференция 2013 жылдың 13 қарашасы күні Астана қаласындағы «Rixos President Astana Hotel» қонақүйінің «Жерұйық» залында өтеді.

Конференция қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер мен дайындалған материалдар заңды құжаттар қатарына енуі үшін арнайы орындарға ұсынылады.

Баспасөз жиынына Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттік төрағасы - Ерлан Қожағапанов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры - Айдар Махметов, Жамбыл облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы - Гамлет Қайнарбеков, «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының президенті - Бақтияр Артаев, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық Кеңесінің төрағасы – Арман Шораев, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті - Серік Төкеев  қатысады деп күтілуде.

Жобаны ұйымдастырушылар: «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры, «Астана» ПКСК, Жамбыл облысының әкімдігі, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы

Бас демеуші: «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ

Ресми демеуші: «ҚазАгро ҰБХ» АҚ

Демеушілер мен серіктестер: «SAT & Company» АҚ, «Hyundai» сауда белгісімен Astana Motors компаниясы, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан» ұлттық арнасы

Жоба идеяларының авторы – Арман Шораев

Толығырақ мәліметті жобаның ресми сайтынан таба аласыздар www.kazakhstanbarysy.kz.

Өтетін орны мен уақыты: 5 қараша, 2013 жыл, сағат 11:00, «Rixos President Astana» қонақүйінің “Orda” залы.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры