Қазақ Мемлекеттік циркі 40 жылдығын атап өтті

Екі бөлімнен тұрған мерейтойлық бағдарламада Ресей, Беларус, Украина, Өзбекстан, Қытай және Жапон елдерінің әртістері өнер көрсетті. Әр ел ең әсерлі, әдемі деген бір қойылымдарын ұсынды. Аталмыш елдердің цирк президенттері де цирктің мерейтойына арнайы қатысты. 2160 адамды сыйғыза алатын цирктің іші халыққа лық толды. Фестивальдің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов цирк ұжымына шығармашылық табыс тілеп, қала әкімі Ахметжан Есімовтың құттықтау хатын табыс етті.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген цирк ардагері Қадырхан Ақышұлы: "Шын жүректен цирк ұжымы және цирк ардагерлері атынан Елбасы Н. Назарбаевқа әрқашан мәдениеттің дамуына көңіл болып, қамқор көрсетіп отырғандығы үшін алғысымды білдіргім келеді. Ал, көрермендерге біздің өнерімізге деген жылы ниеттеріңізде көп рахмет", деді.

Мемлекеттік цирктің көркемдік жетекшісі Уәлихан Шалабаев өз сөзінде, "Қазақстанда мықты цирк мектебі осыдан 40 жыл бұрын қалыптасып, бүгінде жақсы дамып отыр. Дүниежүзі зерттеушілерінің мәліметі бойынша, қазақ циркі ірі державалардың бірі саналады. Тіпті, экономикалық жағынан дамыған Жапон елінде де біздікіндей цирк мектебі жоқ. Бүгінгі әртістерді тәрбиелеп шығарған мықты ұстаздардың арқасында цирк жемісін беруде. Мен 40 жылда біздің циркіміз аяғынан нық тұрды деп айта аламын", деді. Оның айтуынша, қазақстандық әртістер шетелге жиі шақыру алады. "Әсіресе, ат үстінде ойнайтын жігіттер. Дүниежүзі бойынша олардың қойылымына тең келетін ешкім жоқ", деп атап өтті Уәлихан Шалабаев.

Халықаралық қойылым тамыздың 24-не дейін Астана және Қарағанды қалаларында жалғасын табады.

Цирктің ең алғашқы ұжымы 1970 жылы құрылып, алғашқы қойылым шілде айының 24-де өткен болатын. Содан бері, бұл күн - Қазақ циркінің туған күні саналып келеді.