«Қазақ мұнайы 2050 жылға дейін ғана жетеді» - БАҚ-қа шолу

Осы баслымда «Көлік салонындағы қара уылдырық» атты материал берілген.Бекіре тұқымдас балықтарды аулауға, қара уылдырықты заңсыз тасымалдауға да, саудалауға да мораторий жарияланғанына, біраз жыл өтті. Алайда, Атырауда бағалы балықтар мен қара уылдырық секілді талайдың тәбетін ашатын өнімнен ебін тауып, екі еселенген пайда тапқысы келетіндер азаяр емес.Бұған Атырау облыстық ішкі істер департаментіне қарасты балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері 4 килограмм 750 грамм қара уылдырықты тәркілеуі дәлел бола алады. Бұл туралы газет тілшісіне аталған департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова хабарлады. Оның мәлім етуінше, «Бекіре» шарасының күзгі кезеңі аясында Атырау халықаралық әуежайы маңында «BMW» көлігі тоқтатылған. Көлікті тексеру барысында оның салонындағы қара жүк сөмкесінен 10 пластикалық ыдысқа салынған қара уылдырық табылған. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілу үстінде.

 ***

«Әйелдердің зейнет жасын 63-ке көтереді» деген сыбыс шыққанда байбаламға басқандар аз болған жоқ. Оның өзіндік себебі де бар еді. Мысалы, елуден асқан әйелді кез келген жер жұмысқа қабылдай бермейді. Ал кейбір жұмыс берушілер бос орын туралы хабарламаға «жасы 50-ден асқандар телефон шалмасын» деген талабын түртіп қоюға ұялмайды. Енді дәл осындай жарнамаларға тыйым салынатын болды. Ол аз десеңіз,  жасы  55-тен асқан қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға да жол берілмейді. Бұл туралы «Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың гендерлік аспектілері» атты журналистерге арналған семинарда айтылды»,-деп жазады «Айқын» басалымы. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін өткізген аталмыш семинар-кеңесінде зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы мол мағлұмат айтылды. Ондағы мақсат белгілі. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер ешкімді де бейжай қалдырмайды. «Өйткені елімізде 1,7 миллион зейнеткер, 10 миллионнан астам зейнетақы қорының салымшысы бар, жалпы айтқанда осы 10 миллионнан астам адам зейнетақы реформасына қатысы бар адамдар»,-деді ол. Бұл жайында газеттің бүгінгі санындағы «Зейнетақы көлемі 40 пайыздан аса ма?» деген мақалада толық жазылған.


Осы басылымда «Қазақ мұнайы 2050 жылға дейін ғана жетеді» атты мақала жарияланды. «Қазақ жерінің қойнауындағы «қара алтын» ең кем дегенде, әлі 50 жылға жетеді. Үкіметтің кешегі отырысында осындай болжам жария етілді. Айтқандай, мұнай қоры бойынша Қазақ елі әлем елдерінің бірінші «ондығына» жақын тұр екен. Және де бұл шек емес! Мұнай және газ министрі Қазақстанда жаңа мұнай кен орындарын анықтаудың үлкен мүмкіндіктері барлығын мәлім етті. Ел Үкіметі осы отырысында Қазақстанның «Табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасының» жобасын мақұлдады. Бұл құжат «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы қойған міндетке сәйкес қабылданып отыр. Министрлер кабинетінің кешегі отырысында жаңа кен орындарын анықтауға мол қаржы салу қажеттігі ашық айтылды. Мәселен, «ҚазЭнерджи» қауымдастығы Үкіметке елімізде геологиялық барлауды кең ауқымды қаржыландыруға кірісуді ұсынды»,-деп жазады «Айқын». - Қолда бар кен орындарының барлығы дерлік - сонау Кеңес кезіндегі геологиялық барлауға инвестиция салудың нәтижесі, - дейді «ҚазЭнерджи» қауымдастығының атқарушы директоры Рустам Жүрсінов. - Геологиялық барлау жұмыстарын қазіргі қаржыландыру - өте төмен деңгейде! Табиғи ресурстарды сатудан түсетін табыстар қажетті инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ минералдық-шикізаттық базаны толықтыруға жұмсалуға тиіс деп санаймыз.