Бір аптаға созылған чемпионаттан қазақ палуандары бес медаль және оған қоса Лондон олимпиадасының тоғыз жолдамасын жеңіп алды. Грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев күміс медаль еншілесе, Нұрмахан Тынәлиевтің үлесінде қола жүлде. Әйелдер күресінде бағы жанған Жұлдыз Ешімова және еркін күрес шеберлері Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев әлемдік доданың қола жүлдегерлері атанды.
Қо лдобынан жастар арасында Алматыда өтіп жатқан Азия чемпионатының үздік төрттігі белгілі болды. Жартылай финалдың бірінде Кореямен жолы түйіскен еліміздің құрамасы осалдық танытты.
Кездесудің жап- жақсы бастаған қыздарымыз екінші кезеңде ойын тізігін уысынан шығарып алды. Нәтижесінде 26:36 есебімен есе жіберді. Өз кезегінде Жопонияны 27: 19 есебімен ұтқан Қытай құрамасы сары құрлықтың бас жүлдесінен дәмесі зор екенін байқатты. Ал біздің команда үшін жарыс әлі аяқталған жоқ. Ертең “Достық” спорт кешенінде қолдопшыларымыз Жапониямен үшінші орын үшін таласады. Ал бас жүлдені Жапония мен Корея құрамалары сарапқа салады. Дегенмен үздік төрттіктің қатарына енген қазақстандық қолдобы шеберлері келер жылы Чехияда өтетін әлемдік доданың жолдамасын иеленді.
Гельзенкирхендегі “Велтинс -Арена” стадионында жергілікті “Шальке-04” 0:2 есебімен “Баварияға ” жол берді. Осымен қатарынан бесінші рет жеңіске жеткен мюнхендік футболшылар бундеслигада өзгелерден шоқтығы биік екенін тағы бір дәлелдеп берді.
Доп айырмашылығына келсек, мұнда да баварлық аяқдоп шеберлерінің көрсеткіші тамаша. Қарсыластарын 18 мәрте қапы қалдырған Юпп Хайнкестің шәкірттері өз қақпасына бары-жоғы бір доп жіберіп алған. Гельзенкирхендегі сылбыр басталған матчтың 21-минутында Рибери бастап берген комбинацияға нүкте қойған Петерсен қонақтарды алға шығарды. Бүгінгі ойынның үздік футболшысы атанған Франция құрамасының футболшысы Франк Рибери екінші голға да ұйытқы болды. Оң қанаттан “Шалькенің” қорғаныс шебін бұза-жара кірген Рибери доптан айырылып қалғанымен дер кезінде керек жерден табылған Томас Мюллер есепті еселеп кетті. Осы турда “Вердерді” қабылдаған “Нюрнберг” 1:1 есебімен тең түссе, “Гамбург” өз алаңында Менхенгладбахтың “Боруссиясынан” ұтылып қалды. Есеп - 0:1.
Франция чемпионатының алтыншы турында “Лион” мен “Марсельдің” жолы түйісті. Осы турдың орталық матчы саналған Лиондағы бәсеке 2:0 есебімен жергілікті футболшылардың пайдасына шешілді.
Ширақ басталған кездесудің 17-минутында алаң иелері ұйымдастырған қарсы шабуыл нәтижелі соққымен аяқталды. Бұл эпизодта сол қапталдан алға ұмтылған Мишель Бастостың айып алаңына ұзатқан добын жақын жерден торға тоғытқан Бафетимби Гомис көзге түсті. Көп ұзамай –ақ аладопты қарсыласынан тартып алған Максим Гоналон алғы шептегі Мишель Бастосқа керемет пас шығарып берді. Өз кезегінде алыстан жеткен допты аяғына ілген бойы қонақтардың айып алаңына ентелей кірген Бастос қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Осы жеңістен кейін “Лион” турнир кестесінде бірінші орынға көтерілсе, “Марсель” көш соңына сырғыды.
Биылғы жыл Дэвис кубогы үшін жарыстың ақтық сынында Аргентина мен Испания күш сынасатыны белгілі болды. Әлемдік топтың жартылай финалында Аргентина құрамасы Сербияны қапы қалдырса, испан теннисшілері Францияның алдын орап кетті.
Дэвис кубогының былтырғы иегері Сербия өз алаңында 1:3 есебімен жеңіліс тапты. Жеке сындағы бәсекелердің бірінде әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович, Аргентина мықтысы Хуан Мартин дель Потромен кездесті. Бұл бәске ұзаққа бармады. Тай-брейкке ұласқан алғашқы сеттегі жеңісті қарсыласына беріп алған Джоковичойынның екінші кезеңінде матчты жалғастырудан тас тартты. Командалық жеңіске өз үлесін қосқан Аргентина құрамасының тағы бір мүшесі Давид Налбандян Янко Типсаревичтен басым түсті. Мәртебелі кубок жолындағы жарыстың ақтық сыны желтоқсанның 2-4 аралығында Испанияда өтеді.