Қазақ радиосының Алматы филиалын Астанаға көшіру туралы шешім өзгертілмейтін болды

Қазақ радиосы Алматы филиалының қызметкерлері өткен айда «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның оңтүстік астанадағы студияны Елордаға көшіріп, мұнда тек тілшілер қосынын қалдыру туралы шешіміне наразылық білдіріп еді. Олар сол кезде араша сұрап, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа хат жолдады. Сол хатқа жауап енді келіп отыр деп хабарлайды caravan.kz тілшісі.

Вице-министр Сәкен Сәрсенов жолдаған жауапта министрліктің «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ішкі шаруасына тікелей араласа алмайтыны айтылған. Ондағылар Алматы филиалының қызметкерлері жолдаған хатты аталған акционерлік қоғамға жіберіпті. Ал телерадиокорпорациядағылар резерв ретінде жұмыс істеп келген бұл кеңсені Елордаға көшіріп, Алматыда тек тілшілер қосынын қалдыру туралы шешімін өзгертпейтінін айтқан. Бірақ олар оңтүстік астанадағы студия мамандарын жұмыссыз қалдырайын деп отырған жоқ екен. Бәріне Астанадан орын ұсынбақ. Бірақ мұндағы 27 адамның басым көпшілігінің Елордаға баруға жағдайы жоқ. Министрлікке хат жазғандар осы жағына да алаңдаушылық білдіріп отыр.

Айта кетсек, аталған хатта Қазақ радиосына қарасты «Шалқар» радиосын Астанадан Алматыға қайтадан көшіріп, өзінің жеке жиілігі бар Алматы радиосын ашу туралы ұсыныс жасалған. Бірақ министрліктен келген жауапқа қарағанда, енді бұл да ескерілмейтін боп тұр. Яғни жауап-хатта: «Жалпы қоғам тынысын, билік саясатын кеңінен насихаттап отыру үшін мемлекеттік радиолардың ел астанасынан хабар таратуы заңды құбылыс. Сондықтан «Шалқар» радиосын Алматыға көшіру мәселесі қарастырылмайды» делінген.