Қазақ шекарашылары Каспий теңізінде браконьерлерді құрықтады

Шекарашылардың ақпараты бойынша, Каспий теңізінің үстінен тік ұшақпен бақылау жасаған шекарашылар экипажы Өрдік мүйісінен 11 шақырым жерде "Байда" маркалы 5 қайықты қолға түсірді. Әрбір қайықты тоқтату үшін шекарашылар тікұшақтан төменге түсірілді. Құрықталған қайықтар Баутино ауылына дейін жеткізілді.

"Шекарашылар браконьерлікке барған 16 ресей азаматын қолға түсірді. Браконьерлерден 3 тонна бекіре балығы, 18 итбалық еті және - 9 итбалық терісі табылды. Сондай-ақ, 450 метр ау және "Ямаха" маркалы 11 қозғалтқыш тәркіленді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бүгінгі кезде браконьерлер жүктерімен бірге "Форт Шевченко" шекара бекетінде ұсталып, істің анық-қанығы тексеріліп жатыр. Бұл оқиға туралы Маңғыстау облысының ҰҚКД мен басқа да құқық қорғау органдарына ақпарат таратылды.

Сонымен қатар, 13 наурызда Петропавл шекара отряды "Бидайық - авто" шекара бекетінде Ресей кедені қызметкерлерімен бірлесе отырып, Ресейден Қазақстанға жеке көлігімен бара жатқан Ресей азаматын ұстады. Оны тексеру кезінде жеке заттары арасынан $90 мың декларацияланбаған валюта табылды.