Қазақ тазылары медициналық тексеруден өтіп жатыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы KAZINFORM.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

ҚР Ұлттық спорт федерациясы мәлім еткендей, бүгінде ұлттық мұра – қазақ тазысы тұқымын сақтау және оның ежелден қазақы тұқым екенін халықаралық деңгейде таныту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Қазақстан 2023 жылы Халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшесі болды. Қазақ тазысы тұқымын халықаралық дәрежеде таныту үшін FCI-дың міндетті талаптарының бірі иттерді тексеріп, шыққан еліндегі тұқымның жай-күйі мен даму болашағын зерделеу керек.

«Ендігі маңызды мәселе, Қазақстанды Халықаралық кинологиялық федерацияда (FCI) осы тұқымдардың шыққан елі ретінде бекіту», - деді Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Қазақ тазыларын тегін медициналық тексеруден өткізуді Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырып жатыр. Бұл тексеру – Халықаралық кинология федерациясының жаңа тұқымды тануға қоятын талаптарының бірі.

Иттер мынадай аурулар бойынша тексеріледі: жамбас және шынтақ буындарының дисплазиясы, көру органдарының тұқым қуалайтын патологиялары, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, сондай-ақ кереңдік, пателла люксациясы және т.б.

Айта кетейік, биыл қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрсету бағдарламасы аясында тазы жарыстары жоспарланған.