Қазақ тілі үшін басы дауға қалған Оғыз Доған Эйр Астананы ақыры сотқа берді

«Қазақ елі» журналының Қырғызстандағы тілшісі түркиялық азамат Оғыз Доған аталған әуе компаниясынан моральдық шығын ретінде 1 теңге талап етіп отыр. Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.

Әзірге алғашқы сот отырысының қашан өтетіні белгісіз. Талапкердің атынан сенімхат арқылы адвокаты Абзал Құспанов өкілдік етеді.

Ал арыздың кеш жазылуын Оғыз Доған былай түсіндірді:

«Арызды адвокат Абзал Құспан мырзаның кеңесі бойынша дер кезінде жазған жоқпыз. Себебі, біз ресми түрде бірқатар қоғам қайраткерлері қол қойып «Эйр Астанаға» хат жазып, жауабын күттік. Өйткені оның белгілі бір күту мерзімі бар болатын»

Еске салсақ, Оғыз Доған тамыз айының ортасында «Эйр Астана» әуе компаниясынан өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етіп, соңы дауға ұласқан болатын. Осы себепті оны Алматы әужайында полиция бір сағат ұстап, артынша 6800 теңге көлемінде айыппұл салған еді. 


Осы оқиғадан соң Оғыз Доған аталмыш әуе компаниясының қызметін еш пайдаланбапты. Бірақ көпшіліктен «Эйр Астананың» өз қызметін жақсартып, тілге қатысты оң өзгерістер болып жатқанын естігенін айтты.