Қазақ тілі үшін шу шығарып, талай орыстілділердің орнынан кетуіне себепкер болдым – полиглот Жұлдызай Форт

Caravan.kz медиа-порталының тілшісі бүгін ұлт және тіл жанашыры әрі полиглот Жұлдызай Назарқызымен тілдесіп көрді.

- Жұлдызай ханым, тілге қатысты кикілжіңдерге жиі тап болатын сияқтысыз. Барлық кезде де өз ойыңызды бүкпесіз айтасыз ба?

- Мен 1986 жылдан бастап Бірінші Мәскеу медициналық университетінде 3 жыл тәлім алдым. Кейін қайта құру басталған кезде жағдай қиындап кетті де, Қарағандыға ауыстым. Сол Мәскеуге барған 18 жасымда ұлттық сана оянды. Ол уақытта қасымда Шымкенттің қызы болды, екеуіміз өзара қазақша сөйлесетінбіз. Бірақ, басқа студенттер: «Говорите по - русски, а то говорите по своему, может быть вы нас обсуждаете!»,- деп тиіскісі келетін. Әрине, бетін қайтарып тастайтынбыз.Содан көп ұзамай Алматыда Желтоқсан оқиғасы болды. Басқалар бірден: «Міне, сендер қазақтар осындайсыңдар, ұлтшылсыңдар» деп бізге жабыла бастады. Біз де, әр елді өзінің ұлтынан шыққан көсемі басқару керек, деп жалғыз екі қазақ жүздеген студентке тойтарыс береміз,берілген жоқпыз. Бірақ, сол кезде «интернационал деген жай әншейін, бос сөз екен ғой, әр қайсысы өзінің ұлттық мүддесін қорғайды екен ғой», деп ойлана бастадық. Кейін Қазақстанға келдік бәрі орысша сөйлейді, егемендік алдық, сонда да орысша сөйлеп жүр.Осыны көргенде ішім ашиды.

- Өскеменде ана тілін білмейтіндердің әлі де көп екенін білеміз. Дегенмен, бұрынғы жылдармен салыстырғанда қаншалықты өзгерді?

- Өскеменде қазір 65 пайыз орыстар бар. Қазақ тілінің жағдайы мүшкіл. Іс қағаздарының бәрі орысша жүргізіледі, өкінішіке орай. Бірақ мен барлық қызметтерді тек қазақша талап етемін. Оған бірер жыл бұрын орын алған бір жағдай түрткі болды. Бір күні вокзалға барсам оралман ағаларымыз орысша білмегендіктен билет сатып ала алмай тұр екен. Мен аударып бердім.Сосын кассада тұрған кісіге айттым: «Сіз не өзіңіз қазақша білмейді екенсіз, ең құрығанда қазақша білетін адамды шақырып билет сатпайсыз ба, мынауыңыз не?!» деп ескерттім. Сосын үйге келіп, шыдамай сол вокзалдың бастығына телефон шалдым. Ана адамды ауыстырмасаңыздар мен прокуратураға, барлық қазақша БАҚ-тарға жазамын. Өйткені бұл алалу (дискриминация) деп ауыстыртқызғанмын. Ондай жағдайлар өте көп болды. Кем дегенде он шақты рет түрлі оқиға бойынша әр жаққа шағымданып, арыз жазғанмын. 5-6 ретінде, банкте, поштада тағы басқа жерлерде қазақша білмейтіндерді ауыстыруға себеп болдым. Бірде емханаға барсам бір қария тіркеу орнындағы адамға әлденені қазақша түсіндіре алмай жатыр екен. Онда да бастығына барып, сөйлесіп, олар ақыры екі адам қойды сол жерге, біреуі міндетті түрде қазаша сөйлейді. Қай жерге барсам да осындай оқиғаларға жиі тап боламын. Дүкенге барсам өзіміздің сатушы қазақ қыздары орысша сөйлеп тұрады. Неге қазақша сөйлемейсіңдер десем, «бастығымыз орыс» дейді. Яғни, бата алмайтын болса керек. Өкінішке қарай, Өскемендегі жағдай осындай. Алматыда да жетісіп тұрған жоқ. Жақында Шымкентке бардым. Ол жердегі орыстар он-ақ пайыз. Бірақ көбі әлі қазақша білмейді. Орталықтағы үлкен сауда орындарында жұмыс істейді. Өздері қазақша сөйлемегенімен қоймай, қазақтар біздің түсінбейтінімізді біліп тұрып, қазақша сұрай береді деп шағымданып қояды. Міне, біздегі жағдай әлі күнге дейін осындай. Ал оның неге екенін айтайын ба?

- Айтыңыз, неліктен?

- Себебі, бізде қазақтардың 30 пайызы өздері қазақша білмейді. Мен Елбасыға жасаған былтырғы Үндеуімде айтқан болатынмын: ең басты себеп Үкімет, Парламент, билік өздерінің ресми жиындары мен отырыстарын, заң талқылауларын қазақша өткізбейді. Бәріне сол кедергі болып тұр. Өйткені олар өздері халыққа үлгі көрсету керек қой. Егер қазақтың өз Үкіметі өзі қазақша сөйлемесе біз кімнен талап етеміз?

- Еліміздің Шығысы мен Солтүстік жақтағы өзге ұлт өкілдерінің қазаққа деген көзқарасы әлі де бұрынғыдай ма? Қазақ тілі ешқашан өз тұғырына қонбайтындай сезіне ме сонда?

- Өскеменде орыстардан қазір кәрі кісілер қалды. Жастары Ресей жақын болғандықтан кетіп жатыр. Қазақтар көбейіп жатыр. Тіпті қазақша сөйлейтін бірен саран орыстарды да кездестірдім. 1991 жылы осында алғаш келгенде Өскемен Мәскеу түбіндегі орыс қаласы сияқты болатын. Ұлымды қазақ мектебіне беремін деп қаладан қазақ мектебін таппағанмын. Әрине, қазір көп өзгерістер бар. Жанымыздағы бұрынғы орыс мектебі қазір қазақ мектебі болды. Аралас мектептер бар. Бірақ, орыстарда жаппай «ойбай, қазақша үйренейік» деген ниет жоқ. Оның себебі, тағы да қайталап айтам, Үкіметтің ықпалы. Әлі күнге дейін орысша білмесең жағдайың мүшкіл. Мысалы, бірде дүкеннен қазақша модем сатып аламын деп, ала алмадым. Өйткені, еуропалық нәсілді сатушы мені келеке етіп, қазақша қызмет көрсеткісі келмеді. Тағы да директорын шақыртып, «Неге екі тілде сөйлетін адам алмайсыздар, орысша білмейтіндер қайтеді? Мен әрине орысша сөйлеймін. Бірақ, өз ана тілімде қызмет алғым келеді», деп шу шығаруға мәжбүр болдым. Ал сатушы қыз «У нас два гос языка» дейді. Сосын айттым : «Вы заблуждаетесь, у нас только один государственный язык. Русский язык лишь официальный и у Вас, согласно Конституции, есть не только права, которые хорошо умеете качать, но у Вас еще есть и обязанности. В Конституции прямо написано, что каждый гражданин Казахстана обязан владеть гос языком» деп айттым. Оларға заңға жүгініп жауап беру керек.

- Еліміздегі өзге ұлттардың тілді үйрене алмауына не себеп, шынымен де қиын ба, әлде жай сылтау ма немесе қазақ тілін менсінбеу ме?

- Әрине, оның бәрі құр сылтау. Үйренем деген адамдар үйреніп жатыр. Өйткені, ағылшын, неміс тілдерін ақша төлеп өліп - талып үйреніп жатыр ғой. Маған бәрі жазады «ой, қазақша дұрыс оқытатын әдістеме жоқ» деп. Шын мәнінде жергілікті әкімшіліктерде бар ғой үйрететін курстар. Сондай орталықтар барлық жерде болды кезінде. Ешкім бармады, керек қылмады, ақыры жауып тастады. Сосын үйренемін деген адамға ешқандайда орталықтың керегі жоқ. Менен біраз кеңес алыңызшы, ондаған шет тілін үйрендім ғой түрлі дәрежеде болсада, ал сіз бір тілді үйрене алмайсыз ба, деп айтам кейбіріне. Неше түрлі методикалар бар. Ютубты ашсаңыз неше түрлі видео оқулықтар бар. Неше түрлі жақсы сайттар бар. Бірақ олар үйренгісі келмейді. Қазақша сөйлесем бір саты төмендеп қаламын ба деп ойлайды. Әлі кеңестік көзқарастары өзгерген жоқ. Менің айтпағым, қазіргі үкіметпен қазақ тілі дамымайды. Әрине, қарапайым адам ретінде бізге айту мүмкін оңай шығар. Мүмкін билік саяси жағдайларға байланысты жалтақтап отырған шығар.Украинаға қарап бата алмай отырған болар, білмейміз ғой. Бірақ, меніңше тілді дамытудың ең идеалды нұсқасы Парламент, Үкімет тек қазақша сөйлеу керек және орысша субтитрмен. Екіншіден, дайындық керек. Оңтүстіктегі қазақтарды солтүстік аймақтарға миллиондап әкеліп көшіру керек. Шетелдегі қандастарды да көптеп көшіру керек. Қысқасы орысы көп аймақтарды қазақтандыру қажет. Сосын жергілікті жерде қазақ 50 пайыздан асқанда балабақшада тәлім-тәрбиені тек қазақша беру керек, 70 пайыздан асқанда мектептерде тек қазақша оқыту керек.

- Үш тұғырлы тілге көшіп жатырмыз. Көп тіл білетін полиглот ретінде айтыңызшы, бала бақшадан, бірінші сыныпта бастап бірнеше тіл үйрету қаншалықты дұрыс?

- Түрлі пікірлерді естіп жатырмын. 5-сыныпқа дейін қазақ тілінен басқа тіл керек емес дейді. Кейбіреулер орыс тілін мүлдем оқымайық дейді, тағы біреулері ағылшын мен қазақ тілін ғана қалдырайық деп жатыр. Менің ойымша, барлық үш тілді де үйрену керек. Көп тіл білген адамға зиян болмайды. Мәселе тілде емес, мәселе ұлттық санамызда. Бала кішкентай кезінде тілді тез үйренеді. Бірнеше тіл білген адамның көп тіл үйренуі оңай болады.Сосын балада тілге сезімталдық мерзім деген болады. Ол әр балада туылғаннан әрі кетсе 8 жасқа дейін болады. Бала сол кезде кез келген тілді оңай үйренеді және акцентсіз сөйлейді. Меніңше, бірінші сыныпта тек қана қазақша оқу керек. Екінші сыныптан бастап ағылшын тілін енгізу керек, аптасына үш рет оқыту қажет. Үшінші сыныпта орыс тілін енгізсе болады. Сонда аптасына 3 рет ағылшын, 2 рет орыс тілі болса жеткілікті. Бұған қоса үш тұғырлы тілдегі кейбір әдістер дұрыс емес. Қазақша пәндерді ағылшынша оқытамыз дейді. Ол тіптен қате, оған түбегейлі қарсымын. Орыс тілін бес жыл оқытса жетеді. Өйткені біз орыс әлемінде әлі біраз жыл боламыз. Сол үшін үйрену қиын емес. Бұған қоса жылына бір – екі қазақша пәнді ағылшын тілінде дубляж жасау керек. Ағылшын тілінде оқыту емес, ауыстыру емес, дубляж жасау керек. Ондай тәжірибе әлем елдерінде бар. Өйткені негізгі пәндерді қазақ тілінде оқытпаса қазақ тілінің аясы тарылып кетеді. Сосын кейбір университеттер, мысалы КБТУ, Назарбаев Университеті ағылшын тілінде білім береді. Алматыда Әсфендияров атындағы медициналық университетінде қазақ студенттер ағылшын тілінде оқитын топтар бар. Ол да тіптен дұрыс емес. Ресейдің лингвист ғалымы Дмитрий Петров: «Ресейде ондай жоқ, өйткені біз орыс тілінің болашағын ойлаймыз. Ал сіздер шетелге мамандар дайындап жатырсыздар»,- дейді. Әрине, дұрыс айтады. Мысалы, қазір еуропада дәрігер мамандар жетіспейді. Маған Германиядан талай ұсыныстар түскен. Олар қазір дәрігерлер іздеп жүр. Менің таныс немістерім айтады Германияда немісше білмейтін дәрігерлер бар қазір, қасында аудармашымен жұмыс істейді. Ал бірнеше шет тілін меңгерген біздің  жастар дайын кадрлар емес пе. Бізде дәрігерлер 300 доллар алса, Германияда 5 мың еуро алады. Әрине кетіп қалады.Сол үшін міндетті түрде тек қазақша оқыту керек. Бірақ, бірнеше тілді де білу керек. Жоғары оқу орындарында жылына бір – екі қазақша пәнді ағылшын тілінде дубляж жасау керек.

- Былтыр Елбасыға полиглот ретінде үндеу жасадыңыз, содан кейін қандайда бір жауап болды ма?

Жоқ, ешқандай жауап келген жоқ. Бірақ, жақында сол басылымнан үндеуді оқытуға сұратыпты. Мені қудаламаса, қолдайды деп ойламаймын. Өйткені ана Руза апайымыз бар, басқалар бар қазақ тілінің құқығын қорғаймыз деп қудаланып жатыр. Сондықтан мен ол үшін Үкіметтен мақтағанын күтпеймін, қудаламаса болды.

- Он тіл білесіз. Нақты қандай тілдерді?

- Негізі қазақ тілі мен орыс тілі ғой. Тіл білгенде бір нәрсені айтып кетейін: он тілді әр деңгейде білемін. Мысалы байқап отырсыз, орысша мен қазақшаны бір деңгейде білмеймін. Өйткені орысша оқыдым. Қазақшаны орыс тіліндегі деңгейде сөйлеу үшін маған 18 жыл мектепте, жоғары оқу орнында қазақша оқуым керек. Көрдіңіз бе, сол үшін келесі буын қазақша оқу керек. Ал жалпы, ағылшын, неміс, француз, италиян, испан, түрік тілдері және әзірше ең нашар білетін тілдерім - грек тілі мен және швед тілі. Ең соңғы екі тілді нан сұрай алатындай дәрежеде білемін. Бірақ, тілді үнемі дамытып отыру керек. Мен әлі күнге дейін қазақшаның өзін дамытып отырмын. Өкінішке қарай, әлі шорқақпын.

- Қазақстанда өзіңіз сияқты полиглоттар көп пе, нақты саны белгілі ме?

- Алты тілге дейін білетіндер бар-ау деймін. Олар да әр түрлі деңгейде ғой, онысы түсінікті нәрсе. Бірақ 5-6 адам бар. Сосын менің байқағаным, қазақ тілділер арасында полиглоттар орыс тілділерге қарағанда көп. Полиглот деп кемінде 5 тіл білген адамды айтады ғой. Ал қазақша және орысша білсең басқа тілдерді үйрену оңай. Қазақтардың арасында 4-5 тіл білетіндер көп.

- Қазақтар тіл меңгеруге қабілетті деп жатады, осы сөз қаншалықты шындыққа жанасады?

- Жоқ, қабілет ұлттық ерекшелікке байланысты емес. Оның бәрі кішкентай кезінен екі тілді білгені, яғни билингв болғанына байланысты. Қазақтар бала кезінен екі тілде сөйлеуге мәжбүр болды, қазір де солай. Екі тілде сөйлеуге мәжбүр болғаннан соң үшінші тілді меңгеру оңайға соғады. Мысалы, оңтүстікке барсаңыз орыстардан басқасының бәрі полиглот. Кем дегенде үш тілде сөйлейді. Орысша, қазақша және өзбекше де еркін сайрап тұр. Ешқандай ұлттың бір бірінен айырмашылығы жоқ. Құдай бәрімізді теңдей етіп жаратты. Қолдан ерекшеленудің қажеті жоқ. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяны алыңызшы. Екеуі бір ұлт. Ал айырмашылығы қандай, жер мен көктей. Сондықтан барлық нәрсе саяси жүйеге, тәрбиеге байланысты.

- Әңгімеңізге рахмет.