Қазақ тілін дамыту мақсатында 3 сайт ашылмақ


Алдағы уақытта қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және тілдің тазалығын сақтау мақсатында 3 сайттың жобасы талқыға салынбақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы тілдері фестивалі тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ҚР МСМ Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

«Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов орфоэпиялық сайты ашылса деген бастама көтерген болатын. Онда қазақ тілінің бүкіл сөздері дыбысталса, біздің журналистер қауымы және жалпы қоғам қазақша сөздерді айту әдебін үйренсе деген ниет болды. Осы сайтты ашу жөнінде ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетіне өтініш бермекпіз. Ал бүгінде Еmle.kz орфографиялық сайты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, әдіскерлерге арналған «әдістеме» деген бөлек сайт ашу жоспарда бар. Сондай-ақ орыстілді азаматтарға арналған жеке сайт болуы қажет. Мұнда қазақ тілін үйрену, тілдік ахуал сияқты мәселелер көтеріледі. Себебі, ономастика, терминология екі тілде. Орыстілді азаматтардың сұранысын қалыптастыру керек. «Tilalemі.kz» порталының форматына сәйкес орыстілді сайт болғандығын қалар едік», - дейді басшы.