Қазақ тілінде заман ағымына сай жазылған пьесалар қажет - театр әртісі

Баспасөз мәслихаты Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа он жылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты ел халқына арнаған Жолдауын көпшілікке насихатату мақсатында «Бірге бол» қоғамдық бірлестігі (ҚБ) республика бойынша өткізген іс-шаралардың нәтижелеріне арналды.

ҚБ қолға алған жоба аясында үстіміздегі жылдың тамыз-қараша айларында Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент, Атырау және Ақтөбеде ел мәдениетінің жетістіктері мен түйіткілдеріне арналған дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізді, сондай-ақ бұқаралық спорт пен адами құндылықтардың рөлін арттыру мақсатында отбасылық байқаулар, спорттық жарыстар кешенін ұйымдастырды.

З.Қаринаның айтуынша, Астанада мұражайлар, кітапханалар мен театр қызметкерлерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында бүгінгі күні қордаланған бірқатар проблемалар көтеріліп, ұсыныстар ҚР Мәдениет министрлігіне жолданды. Ол тақырыптардан театр сахнасындағы мәселелер тыс қалмады.

З.Қаринаның сөзіне қарағанда, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының бүгінгі күнгі назы - «елорда театры» атауына сәйкес келетін ғимаратқа қол жеткізу. Онымен бірге, театр әртістеріне қазақ тілінде жазылған пьесалардың жоқтығынан өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударылған туындыларды қоюға тура келеді. Ал заман ағымына сай шығармалардың жазылмауынан бүгінгі көрермен Кеңес уақытында жазылған дүниелермен тыныстауға мәжбүр.

«Бізде бүгінгі көрерменнің сұранысына жауап беретін туындылар дүниеге келуі керек. Онымен бірге, пьесалар сахнаға бейімделіп жазылуы тиіс. Себебі оқу үшін жазылған кез-келген шығарма сахналауға келмейді. Мысалға, Шекспир өзі әртіс, өзі режиссер болғандықтан ол пьесаларды сахнаның бүкіл мүмкіндіктерін ескере отырып жазған», - дейді әртіс.