Алматыдағы қазақшаға аударылған жарнамалардың сауаттылығына мониторинг жүргізген Мэлс Ержановтың жеке қорының президенті, мәдениеттанушы Земфира Ержанова өзінің бірнеше жылғы жұмыстарының нәтижесімен таныстырды.
«Қаладағы тілдік көрініс ғылыми тілде лингвистикалық ландшафт деп аталады. Ол - ғимарат, көше, жол, көліктегі, іс-шаралардағы, ақпараттық жарнамалардағы тілдің қолданысы. Былайша айтқанда, ол қала тұрғындарының санасының көрінісі. Қазіргі уақытта Алматыдағы лингвистикалық ландшафтқа қарап, ұлттық сана қаншалықты дамуы қажеттігін анық көреміз. Қала тұрғындарының 70 пайызы түркілік бірегейлік өкілдері екен. Ендеше, Алматыдағы лингвистикалық ландшафт түркілік бірегейлікке жұмыс жасауы керек. Ал іс жүзінде бәрі керісінше. Алматыдағы қазақша жарнаманы аудармашылар жасайды. Осыған байланысты жарнама жасайтын маман қазақ тілді болу керек. ЖОО-лар қазақ тілінде жарнама жасайтын, қазақ тұтынушысына жұмыс жасайтын маман даярлау керек деген ұсынысымыз бар», - деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылхан.
Қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов сауатсыз жарнамамен күрес әлі де жалғасатынын айтты.
«Алматыдағы жергілікті атқарушы орган ретінде метродан бастап көзге көрінетін ақпараттың барлығына жауапкершілікті сезінеміз. Одан қашпаймыз. 2014 жылы 7 мыңға жуық жарнама түзетілді. Кез-келген органды тексере алмаймыз. Қазіргі заңнама бойынша 5, 10, 50 АЕК есебінде айыппұл сала аламыз. Оның өзі бірнеше ескертуден кейін. Басқарма осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады», - деді М.Ахетов.
«Қазақстандағы жарнама компанияларының альянсы» қауымдастығының директоры Болат Қожақов жарнамалардың түпнұсқасы Қазақстанға ағылшын тілінде енетінін, одан әрі орыс және қазақ тіліне аударылатынын жеткізді.