Семейлік Арман Бұтабаев 10 жылдан бері қазақтың төбетін сақтап қалу жолында еңбек етуде. Қазір оның қорасында 4 бірдей бөрібасар күшігі бар.
Арман Бұтабаев, «Қазақ бөрібасар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-Төбетке бей-жай қарамайтын адамдар бөрібасарларды бағып, көбейтіп отыр. Көбінің қаны басқа тұқымды иттермен араласып кеткен. Біз болсақ, қаны таза төбеттерді тауып, оны асылдандырып жүрміз.
Бүгінде Семейде қазақы иттің саны 100-ге тақау. Біраз төбетті белсенділер шаруа қожалықтарына берген екен. Ал төбеттің жыртқыш аңдарға төтеп беру қабілетін шыңдау үшін иттердің арасында жекпе-жек жарыстар ұйымдастырылады.
Қаршыға Ескендіров, ит асыраушы:
-Осындай жекпе-жек ұйымдастырып, ит өзінің мінезін көрсетеді. Өйткені ертең ол ауылға барып, мал баққанда қасқырмен бетпе-бет кездескенде қашып кетпейтіндей болуы керек. Өзінің бағып жүрген малын, иесін қорғап қалуы керек.
Қаны таза қазақтың төбеті өте салмақты келеді деп мақтанады ит асыраушылар. Тамаққа да талғампаз емес екен. Адамға себепсіз шаппайды. Тек иесіне қауіп төнген кезде ғана азуын көрсетеді.
-Бір айтары, қазақтың төбеті әлі күнге дейін халықаралық кинология қауымдастығында тіркелмеген екен. Оны жүзеге асыру үшін ит саны бір мыңнан асуы керек. Семейлік белсенділер жақын арада осы межеге қол жеткізуді көздеп отыр.
Loading...