Бір қызығы жан дүниесі байыз таппайтындардың көбісі ер адамдар көрінеді. Ал дамыған елдерде бұл статистика тіпті жаға ұстатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2020 жылға дейін депрессия барлық дерт атаулыны жолда қалдырып, көш бастамақ. Бүкіл адамзатты қамтыған бұл елімізде кең етек жаюына не себеп? Оны қалай тоқтатуға болады?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұдан бірнеше жыл бұрын құлаққа түрпідей тиетін бұл сөз қазіргі таңда санаға сіңімді болып бара жатыр. Тіпті, әлдебір жан "жабығып жүрмін" десе айтқанын елең қылмай,
таңқалмайтын болдық. Сондай жан дүниесі байыз таппай жүрген жандардың бірі - елордалық Қаныш Сейіт. Осыдан бірнеше ай бұрын ет жақынынан айырылған оның қабырғасы қатты қайысып, депрессияға ұшыраған. Салдарынан бәрі жайына қалып, тіпті оқуынан да шығып кетіпті.
«Менің депрессиям оқудан шығып кеткеннен кейін тіпті ушығып кетті. Ата-анамның үмітін ақтай алмадым деп өз-өзімді қатты сөктім. Одан қалды жақындарым да қатты қысым көрсетті. Ештеңеге зауқым болмады. Бастаған ісімнің барлығы сәтсіз аяқталатындай көрінді. Дегенмен, достарымның қолдап-қолпаштауы маған үлкен көмек болды» - дейді қала тұрғыны қаныш Сейіт.
Психологтардың айтуынша, біздің қоғамда әйелдерден гөрі ер адамдардың депрессияға ұшырауы жиі кездеседі. Себебі, нәзік жандар бойындағы торығуды эмоция арқылы сыртқа шығара білсе, ер адамдар іштей тынып, жүре бергенді жөн көреді екен. Ал бұл жүрек пен миға зор салмақ түсіретін көрінеді.
«Біз ер баланы қалай тәрбиелейміз? Сен жігітсің, саған жылауға болмайды деп біз оларды тыйып өсіреміз. Ер адамдар өсе келе отбасылы болған , өзімді жігітпін деп қалыптастырған жағдайда бәрін іште сақтап, сыртқа шығармайды және басына қиын жағдай түскен жағдайда тез сынып кетеді» - дейді психолог Айым Әбдірова.
Психологтардың пайымымен әлеуметтанушы Айдар Хамит те келіседі. Оның айтуынша, әйелдерге қарағанда ер адамдардың жиі жабығатынына бірнеше фактор әсер етеді.
«Қоғамда болып жатқан процестерге тығыз байланысты. Яғни, бұл қандай мәселелер. Саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар, мәдени-рухани. Барлық осы процестер сабақтасып келгенде бүкіл әлеуметтік факторды құрайды. Сондықтан меніңше, депрессияға ұшырайтын адам, түңілу ол қоғамдағы дискомфортына байланысты. Отбасындағы, үйдегі, жұмыстағы, өзінің бір мақсатына жете алмай қалған кездегі процесстер деп ойлаймын» - дейді әлеуметтанушы Айдар Хамит.
Ал психотерапевт Айнұр Әділбекованың сөзінше, депрессия бұл жылдар бойы жиналып қалған күйзелістің салдары. "Бірақ, оны ушықтырып, үлкен дертке балаудың еш қажеті жоқ. Өйткені депрессиядан 80 пайыз жағдайда еш қиындықсыз сауығып кетуге болады" ,- дейді.
«Спортпен шұғылдану керек, алға мақсат қою керек, жоспар қою керек. Өмірге деген талпыныс болу керек. мотивация дейді ғой. Отбасымыз, үйде әйелдері, бала-шаға күтіп, сүйіспеншілікпен күтіп отырса, әрине ол ер азамат өзіне сене бастайды, тірлік жасай бастайды» - дейді психотерапевт Айнұр Әділбекова.
Өкініштісі сол, елімізде жан дүниесінің ауруын медициналық мәселе ретінде қарамайтындар көп. Ал депрессияны өз бетімен еңсеру екіталай, сондықтан міндетті түрде дәрігердің көмегі қажет. Әйтпесе, күйзелістің соңы суицидке әкелуі мүмкін. «Ал ТМД елдерінің ішінде өз-өзіне қол салатындар тізімінде Қазақстан көш бастап тұрғандықтан, бұл проблемамен жүйелі түрде күресетін уақыт жетті»дейді мамандар.