"Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК 2002-жылы дүниежүзіндегі уран өндіруші компаниялар арасында 4-орынды иемденіп, әлемдік мөлшердің 8 процентін өндірді

Компания қазіргі таңда Обанас, Шығыс Мыңқұдық, Қанжуған, Оңтүстік Мойынқұм, Солтүстік Қарамұрын тәрізді ескі кеніштерді игеріп, Оңтүстік Қарамұрын және Оңтүстік Мойынқұм тәрізді жаңа кеніштерді өнеркәсіптік пайдалануға беру есебінен уран өндіру көлемін арттырып отыр. Компанияның болашақ жоспарында табиғи уран өндіру мөлшерін жылына 15 мың тоннаға жеткізіп, 2028-жыл дегенде аталмыш көрсеткіш бойынша Қазақстанды дүниежүзінде бірінші орынға шығару көзделген.

Қазір толыққанды барланған, алайда әлі игеріле қоймаған , жалпы қоры 2 мың тоннаға бағаланған Заречное, Жалпақ, Иіркөл кеніштері, 81 мың тонна қоры бар Орталық Мыңқұдық, 160 мың тонна қоры бар Қарасан, қоры 130 мың тоннаға бағаланған Инкай кенішін жартылай, 300 мың тонналық қоры бар "Буденовское" кеніштерін игеру арқылы уран өндіру мөлшерін арттыру жоспарланды.
"Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК - уран және басқа да қос мақсатты материалдардың импорт және экспорт мәселесімен айналысушы ұлттық оператор болып табылады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК-ның құрамына Степное және Центральное филиалдары мен Алтыншы кеніш басқармасы, "Үлбі металлургия зауыты" ААҚ-ның салалық құрылымдары (90%), "Волковгеология" ААҚ (90%), "МАЭК-Казатомпром" ЖШС (100%), " Жоғары технологиялар Институты" (50%), "Инкай", "Катко", "Заречное", "УКР ТВС" біріккен кәсіпорындары қамтылады.