"Қазақавтожолдың" Қостанайдағы филиалының басшысы ұсталды

"Қазақавтожол" РМК Қостанай облыстық филиалының басшысы ұсталды, - деп хабарлайдыalau.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қостанай облысындағы департаменті ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағында (Аса ірі көлемде жымқыру) қарастырылған қылмысты жасады деген күдікпен "Қазақавтожол" РМК Қостанай облыстық филиалының басшысы Н.Ж.Молдатаевты ұстады. Ол қазір Рудный қаласындағы уақытша ұстау абақтысында отыр.

"2016 жылдың қарашасында Н.Ж.Молдатаев "ҚазАвтоЖол" ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалымен 174 млн теңгеге республикалық маңызы бар автожолды қысқы уақытта күтіп-ұстау жұмыстарын атқаруға келісімшарт жасаған. Сонымен қатар ақшаны жымқыру мақсатында Н.Ж.Молдатаев облыстағы ЖШС-лардың бірінің директорымен 220 мың литр қысқы дизель отынын қарызға алу жөнінде жалған келісімшарт бекіткен. 2016 жылдың желтоқсанында Н.Ж.Молдатаев аталған дизель отынын "Қазақавтожол" РМК Қостанай облыстық филиалының бөлімшелеріне құжат жүзінде ғана "таратып", жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының шығынына жатқызған", — деп хабарлады департамент.

Осылайша 2016 жылдың соңында «Қазақавтожол» РМК Қостанай облыстық филиалы ЖШС-ға "қарыз" болып қалған.


"2017 жылдың қаңтарында Молдатаев қарызды қайтарамын деген желеумен "Қазақавтожол" РМК Қостанай облыстық филиалына 41 миллион теңгеге 220 мың литр көлемінде 11 мың дизель отынының талонын алдырып, оны жеке мұқтаждықтарына жұмсаған", — деп атап өтті ведомство баспасөз қызметі.