"Қазақфильм" АҚ бұрынғы басқарушы директорының қамау мерзімі ұзартылды

"Қазақфильм" АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Гауһар Искакованың қамау мерзімі ұзартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Гауһар Искакованы қамауда ұстау мерзімі бір айға - 17 ақпанға дейін ұзартылды", - деді Алматы қалалық соттың баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, осыған дейін Гауһар Искакова екі ай қамауда болған еді. Ол "Феникс" фильмінің түсірілімдеріне тиесілі ақшаны жымқырды деген күдікке ілінген болатын.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілердің мәліметінше, "Қазақфильм" АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Гауһар Искакованың және фильмнің атқарушы продюсері Наталья Юдинаның ақша жымқыру дерегіне қатысы бар екені дәлелденді.

Наталья Юдина қазіргі уақытта қамауда. Сондай-ақ, осы іс бойынша "Феникс" фильмінің режиссері 
Талғад Жәнібеков
 ұсталған болатын. Ол да екі айға қамауға алынды.

Айта кетейік, осы даулы фильм бойынша белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов ұсталып, кейін кепілақымен босатылған еді. Ол 79 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген. Кейін ол өз кінәсін мойындап, қаражаттың 6 миллион теңгесін қайтарған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, әртіс "Қазақфильмге" қарызды өндіріп беруге уәде еткен.