«Қазақконцерт - Азиадаға» атты музыкалық кеш болды

Шараның ұйымдастырушылары - қала әкімдігі мен «Қазақконцерт» АҚ.

Концерттің ашылу салтанатында Азия ойындарының маңыздылығы атап өтіліп, айтулы шараға Қазақконцерт өнерпаздарының да атсалысқаны айтылды. «Атап айтар болсақ, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Бүкілодақтық байқаудың иегері Сембек Жұмағалиев, тағы да сол сияқты басқа да өнер шеберлеріміз спорттық мерекеге атсалысты. Біз де бұл шараны асыға күттік. Бүгінгі жеңімпаздарды құттықтай отыра, алдағы бәсекеде жеңістеріміз көп болсын, қоржынымыз алтынға тола берсін деп тілеймін!», -деді Қазақстанның мәдениет қайраткері Марал Мұхаметқалиева.

Концертте Қазақстан және ҚХР өнер шеберлерінің орындауында халық әндері шырқалып, халық билері орындалды. Қазақконцерт ұжымының барлық әншілері мен бишілері Азиадаға ақ жол тілеп, әндерімен шашу шашты. Кеш ҚР еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетованың орындауындағы «Азиада туралы әнмен» аяқталды.