"Қазақмыс" кенішінде жүк көлігі бес жұмысшы отырған көлікке соқтығысты

Екі адам оқиға орнында қаза болды. Бұл ақпаратты Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Алдын ала мәліметтер бойынша 28 тамызда "Молодежный" разрезінде "БелАЗ" автокөлігінің жүргізушісі маневр жасау кезінде "УАЗ" автокөлігінің сол жақ бөлігіне соқтығысты. Оқиға нәтижесінде "УАЗ" автокөлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысы алған жарақатынан көз жұмды, осы көліктің тағы үш жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді", - деп хабарлады ПД өкілі.

Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі 
"Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу"
 бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.