«Қазақмыс» прокуратураның назарына түсті


Еңбек кодексінің бұзылуына байланысты жанжалға қатысты түскен шағымдар бойынша Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасымен «Қазақмыстың» Артемьев кен орнында еңбек заңнамасының орындалуы, өндірістік қауіпсіздіктің сақталуы бойынша тексеру жүргізу тағайындалды. Оған өкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері де тартылды.
Қазіргі уақытта Артемьев кен орнындағы жұмысшылар тарады.
Облыс прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесі қосымша хабарланатын болады, деп мәлімдеді облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, кеше Шемонаиха ауданында «Қазақмыс» ЖШС корпорациясының Артемьев кен орнында 500 метр тереңдіктегі шахтадан түнгі ауысымдағы 108 шахтер жер бетіне шығудан бас тартты, оларға артынша күндізгі ауысымның 230 жұмысшысы қосылды.
Жұмыскерлер жалақыны өсіру, жұмыс кестесін өзгерту, еңбек жағдайын жақсарту және сыйақы төлеу мәселелерін көтерді.