"Экспортқа шығарып отырған ең басты өнім - астық және оны өңдеу өнімдері",- деді министр. "Қазақстан 6,2 млн тонна астық экспорттау арқылы дүниежүзінде астық экспорты бойынша 7-ші орынға, ал ұн экспорты бойынша 3-ші орынға шықты",- деді А.Есімов.
Ауылшаруашылығы министрінің айтуынша, 2006-жылы елімізде ауылшаруашылығының жиынтық жалпы өнімі 7%-ке өсіп, 838 млрд теңгені құрады. Оның айтуынша, былтыр бір қызметкерге шаққанда 364 мың теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 9,7%-ті құрады. "Ауыл тұрғындарының кірісі өткен жылы 23%-ке өсті",- деді министр.
А.Есімовтың мәліметтерінше, былтыр барлық мал түрлерінің саны орта есеппен 5%-ке өсті. "Малшаруашылығы өнімдерінің барлық түрлері бойынша өнім өндіру мөлшерінің өсім қарқыны осы деңгейде болды",- деді ол. Министрдің айтуынша, "түліктің гендік қоры мен өндімділігі де бірдей жақсарып келеді". Жалпы алғанда, министрдің айтуынша, кейінгі 4 жылда ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына 1 млрд теңге жұмсалды. "Нәтижесінде осы мерзімде азық-түлік өнімдерін өндіру мөлшері шамамен екі есе артты",- деді А.Есімов.
Сонымен бірге өткен жылы балық шаруашылығының су қоймалары мен аң шаруашылығына арналған аумақтарының 40%-і табиғатты пайдаланушыларға ұзақ мерзімге жалға берілді. "Жеке инвесторлар табиғи ресурстарды қорғау мен ұдайы өндіріске, сондай-ақ, оларды өңдеуге 2,6 млрд теңге жұмсады",- деді А.Есімов. Министр осы орайда "бұған дейін осы шараларды негізінен мемлекет қаржыландырып келгенін" атап өтті.
Оның айтуынша, кейінгі бес жылда ауылшаруашылығына 205 млрд теңге көлемінде бюджет қаржысы бағытталып, 800 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. Екінші деңгейлі банктер бұл салаға 337 млрд теңге көлемінде несиелік ресурстарды бөлді.
А.Есімовтың айтуынша, өткен жылы еліміздің ауылшаруашылығы саласында 86 мың жаңа жұмыс орны құрылса, жалпы соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш 400 мыңнан асты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті