Қазақстан 2006-жылы 57,1 млн тонна мұнай экспорттады

"2006-жылы 57,1 млн тонна мұнай экспортталды, соның ішінде КТК мұнай құбырымен - 24,4 млн тонна, Атырау - Самара мұнай құбырымен - 15,6 млн тонна мұнай алыс шетелдерге жөнелтілсе, Атасу - Алашанькоу мұнай құбырымен 2,2 млн тонна мұнай жіберілді", делінген ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан баспасөз баянында.

Сонымен бірге Ақтау айлағы арқылы 9,9 млн тонна, Орынбор арқылы - 2,4 млн тонна көмірсутегі шикізаты жіберілсе, Павлодар мұнайхимиялық зауытына жөнелтілген шикізат көлемі 3,9 млн тоннаны құрады.

Мекеме аақпаратына сәйкес, 2006-жылы Қазақстанда 64,8 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген, бұл 2005-жылғы деңгеймен салыстырғанда 105,5%-ті құрады.

Баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, кейінгі бес жылда Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі мен жанар-жағармай өндірісі 1,9 есе өскен. "Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары 2006-жылы 11,7 млн тонна мұнай өңдеді, 2005-жылғымен салыстырғанда көлем 4,6%-ке артты", - делінген құжатта.

2006-жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 2,9%-ке артып, 27 млрд текше метрді құрады. "2007-жылы 29 млрд текше метрден астам газ өндіру межеленген, бұл бірінші кезекте мұнай өндіру көлемінің артатындығына және жаңа кеніштерді игеруге байланысты", - деп хабарлайды ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті