Қазақстан 2011 жылғы Азиадада шаңғы спорт түрлерінен 10 алтын медальді иеленуді мақсат тұтып отыр

Бұл туралы бүгін Үкіметте шаңғы спортын дамыту мәселесіне арналған кеңестен кейінгі брифингте Шаңғы жарыстары бойынша Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Александар Батяйкин мәлім етті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат
.

«Алдағы өтетін Азиядада біз сарапқа салынатын 12 топтамадан 10 алтын медальді иелену мақсатын қойып отырмыз. Бұл салмақ біріншіден еліміздің спортшы жігіттері мен қыздарына жүктеліп отыр», -деді бас жаттықтырушы.

Шаңғы спорты елімізде кәсіби түрде жақсы бағаланып отырғандығына тоқталған ол, «министрліктің және басқа мекемелердің қолдауымен спорттың бұл түрі жақсы дамуда. Енді біз өңірлерде балалар спортын жетілдіргіміз келеді. Сонымен қатар, сәйкесінше норвегиялықтармен, шведтермен, ресейлік және Эстония секілді алдыңғы қатарлы елдермен иық тіресіп, кәсіби түрде ары қарай жетіле түсуді көздеп отырмыз», - деді.

Сондай-ақ А. Батяйкин өз сөзінде егер қосымша қаржы бөлінетін болса, бұл қаржы еліміздегі жасөспірімдер сайыстарын өткізуге, республикалық чемпионаттарға жүлде тағайындауға, қажетті жабдықтарды алуға және спортшыларды, жаттықтырушылардың жұмысын ынталандыруға бағытталатынын айтып өтті.

«Біз 10 медальді ұтып алуға міндеттіміз. Бұл біз үшін белгіленіп отырған жоғары мақсаттар және оған жауапкершілікпен кірістік», - деді ол.