"Қазақстан аймақтық интеграциялану саясатын дәйекті ұстанады",- деп атап көрсетті мемлекет басшысы. Оның айтуынша, еліміз Ресей, Қазақстан, Беларусь және Украина аумағында Біртұтас экономикалық кеңістік құруға "үлкен сенім артып отыр". Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі келісім мен тұжырымдамаға 2003-жылдың қыркүйек айында Ялта қаласында қол қойылуын "мемлекет басшылары экономикалық интеграция жолындағы маңызды кезеңдердің бірі әрі аймақтық интеграциялық ұйым құруға жасалған дайындық жұмыстарының бір сатысы деп бағалайды",- деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының атап көрсетуінше, "Қазақстан Орталық Азия аймағындағы өзара ынтымақтастық аясын кеңейтуге және оны тереңдетуге бұрынғыдай айрықша маңыз береді". Ол осы орайда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан республикалары үстіміздегі жылы халықаралық жетекші қаржылық институттармен бірлесе отырып су-энергетикасы, көлік және азық-түлік саласында халықаралық консорциумдар құру тұжырымдамасын жасау жөнінде келісімге келгенін еске сала кетті. Н.Назарбаев осы мәселеге байланысты "консорциумды құруға жәрдем көрсету жөнінде Әлемдік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Ислам даму банкі тәрізді қаржылық институттарға өтініш жолдағанын " хабарлады. Қазақстан мемлекет басшысы "аталмыш ұйымдардың өкілдіктері бұл мәселені шешуге белсенді көмек көрсетеді" дегенге үміт білдірді.
Осы орайда Елбасы "Қазақстан тек Орталық Азия аймағы немесе бұрынғы КСРО кеңістігімен шектеліп қалмайтынын" баса айтты. "Біз экономикалық ынтымақтастық ұйымы аясындағы интеграциялық процесстерді пәрмендендіруді қалаймыз әрі көршілес елдермен, Еуропалық Одақ , АҚШ және Шығыс Еуропа елдерімен арадағы экономикалық ынтымақтастықтар мен сауда-саттықты дамытуға айрықша маңыз береміз",- деді Н.Назарбаев.