Қазақстан әлемдік теннис элитасына мықтылығын дәлелдеді

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында теннистен Қазақстанның ерлер құрамасының Чехия теннисшілерімен кездесуіндегі теңдессіз жеңісіне байланысты еліміздің Теннис қауымдастығының вице-президенті Әділ Бөрлібаев осылай атап көрсетті.

«Біз тарихи оқиғаға куә болдық. Қазақстан 2 мәрте әлемдік деңгейдегі мықты ұжымдарды сан соқтырып кетті. Көп жылдар бойы өзгеріске ұшырамаған Әлемдік топтағы орныққан командалар арасында біз өзіміз туралы серпінді түрде жар салдық, үлкен шу, таңданыс ояттық. Келешекте де осы топта тұрақтап қаламыз деген ойдамын», - деді Ә. Бөрлібаев.

Еске сала кетейік, Қазақстанның теннис құрамасы Дэвис Кубогы аясында 4-6 наурызда доданың былтырғы жылдың жартылай финалисі Чехиямен кездесу өткізіп, жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұның алдында Астанада Швейцария құрамасы қазақстандықтардан 5:0 есебімен жеңіліс тауып кеткен болатын.

«Бұл ойындағы барлық үш күн өте ауыр болды, әрбір матч, доп, ұпай үлкен қиындықпен келді. Біздің жігіттерге, командаға сенім жоғалтпастан, ыстық қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет», - деді ол.

Қарсыластардың кортында, Чехияның Острава қаласында өткен кездесуде біздің еншімізге алғашқы ұпайды еліміздің 1-ракеткасы Андрей Голубев салды. Ол бірінші күні чехиялық Ян Гайекпен күш сынасты.

«Бірінші күні біз есепті тең жағдайда аяқтадық. Андрей Голубевтің жеңісімен команда алғашқы ойын күніне ойластырған жоспарды орындады», - деген Ә. Бөрлібаев, «чехиялықтар дәл осы Ян Гайек пен Андрей Голубев ойнаған алғашқы матчта ұпай еншілеуге үміттенген. Раундтың бірінші кездесуінде-ақ біз оларға өз стратегиясын қайта қарап шығуларына мәжбүрледік», - деді.

Ал Михаил Кукушкин сол күні Томаш Бердыхпен ракетка айқастырды.

«Екінші ойында Кукушкин Әлемнің 7-ракеткасы Томаш Бердыхпен кездесуі болды. Ондағы матчтың алғашқы сәтін Миша тамаша өткізді. Бірақ қазылардың қателігімен оның добы саналмай, жеңіс Бердыхқа берілді. Сол моральдық және психологиялық ауыртпалықтан кейін, нәтижесінде есеп 1:1 болып теңесті», - дейді Ә. Бөрлібаев.

Екінші күні жұптық кездесу өткізген командалар сайысында Қазақстан жігіттері еуропалықтарға жол беріп қойды. 6 наурызда Голубев Т. Бердыхтан айласын асырып, кездесу тағдырын 2:2 есебіне жеткізді. Ал соңғы кездесуде Михайл Кукушкин жоғарыда аты аталған Ян Гайекті тізе бүктірді.

Нәтижесінде Халықаралық теннис федерациясының (ITF) Дэвис Кубогі рейтингісінде Қазақстан 4 сатыға көтеріліп, 16-орыннан 12-орынға жайғасты. Теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы бұның алдында өздерінен бірнеше саты жоғары тұрған, алайда Дэвис Кубогінің әлемдік топтағы алғашқы матчтарында жеңіліске ұшыраған Үндістан, Чили және Австрия құрамаларын басып озды. Рейтингтің үздік үштігі өзгеріске ұшыраған жоқ. Бірінші орында бұрыңғысынша Испания тұр. Екінші орында Сербия құрамасы болса, үшінші орында қазақстандықтардан тартқан жеңілістеріне қарамастан Чехия теннисшілері келеді.

Қазақстан ендігі кездесуді Аргентина құрамасымен өткізеді. Олардың сапында Хуан Мартин Дель Потро мен Давид Налбандян сынды әлемдік деңгейдегі тісқаққан теннисшілер ойнайды. Келесі кезеңге Аргентина мен Қазақстан елдерінен бөлек, Сербия, Швеция, Германия, АҚШ, Испания және Франция шығып отыр.

Дэвис Кубогы - бұл ерлер ұлттық құрама командалары арасындағы ең ірі жарыс болып табылатын халықаралық теннистік турнир. Ағымдағы турнирдің жеңімпаздары - Испанияның құрамасы. Жоғары деңгейлі бұл дүбірлі сайысқа қазақстандықтар алғаш рет қатысып отыр.