Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кездесу барысында тараптар сауда-экономика саласындағы екі жақты қарым-қатынастарды дамыту мәселесін талқылады.
"Қазақстан араб әлеміндегі беделді мемлекеттің бірі - Сауд Арабиясымен қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән береді және біз ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз", - деді К. Мәсімов.
Атап айтқанда, премьер-министр мұнайгаз саласындағы, қаржы жүйесіндегі, ауыл шаруашылығындағы, көлік-коммуникация кешеніндегі, инфрақұрылым мен туристік қызметті дамытудағы екі жақты қатынастарды дамытудың әлеуеті барын атап өтті.
Әл-Уалид бен Талал Әл Сауд ханзада Қазақстандағы маңызды стратегиялық жобаларды іске асыруға қатысуға әзір екендіктерін жеткізді. "Бұл ынтымақтастыққа деген екі тараптың да ұмтылысының көрінісі болар еді",- деді ол.
"Kingdom" холдингілік компаниясы қатысуы мүмкін жобаларды анықтау үшін, сондай-ақ екі тараптың да мүдделерін есептей отырып, оң қорытынды әзірлеу үшін екі елдің үкіметтерімен ынтымақтастықты орнататын және консалтингілік қызмет көрсетуде әлемдік көшбасшы болып табылатын "McKenzie" компаниясын тарту мәселесі шешімін тапты.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі жемісті дамыту үшін қолда бар әлеуетті белсенді жүргізу және тығыз өзара іс-қимыл орнату туралы келісімге келді.