Қазақстан азаматтары Ресейде тіркеусіз отыз күн бола алады - Парламент

Келісімге сәйкес, екі ел азаматтары басқа елге келгенде құзыретті органдарда міндетті тіркеусіз отыз күн бола алуын қамтамасыз етеді. Яғни, тараптар аумағында Қазақстан мен Ресей азаматтарының болу тәртібі оңайлатыла түседі. Бұл ретте азаматтардың уақытша болу мерзімі келетін мемлекетке кіру кезінде шекаралық бақылау органдарының қойған белгісі бар көші-қон картасымен расталады.

Ал екі ел арасында азаматтардың бір мемлекетте болуы отыз күннен асып кеткен жағдайда аталған азамат сол мемлекеттің заңнамасына сәйкес, құзыретті органдарына тіркелуге міндетті болады. «Құжатты қабылдау Қазақстан азаматтарының Ресейде болу тәртібін жеңілдетіп, сауда-экономикалық қарым қатынастарды жақсартуға ықпалын тигізеді. Әлеуметтік экономикалық теріс салдарға соқтырмайды», - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.