Қазақстан Азия ауыр атлетика федерациясына өзінің қатысуын кеңейтті


Біздер үшін қуанышты жайт, Қайрат Тұрлыханов Азия ауыр атлетика федерациясының вице-президенті қызметіне төрт жыл мерзімге қайта сайланды. Конгресс барысында көптеген мемлекеттен келген лауазымды тұлғалар мен майталман мамандар жерлесіміздің осы спорт түріне сіңірген ерен еңбегін аса жоғары бағалап, оған барынша көп дауыс берді.

Қайрат Болатұлы 2001 жылдан бері отандық ауыр атлетиканы өрге сүйреп келді. Жерлестеріміздің осы саладағы табыстарының басым бөлігі осы азаматтың есімінен тығыз байланысты. Кезінде тұралап қалған өнердің бойына қан жүгіртіп, қазақстандық зілтеміршілердің халықаралық аренада орасан зор табысқа жетуіне сүбелі үлес қосты. Энвер Түркілери сынды әйгілі маманның біздің елге келуіне себепкер болды.

«Тұрлыханов мырза республикалық федерацияның тізгінін ұстаған 2001-2013 жылдар аралығында Қазақстанның ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарында 5 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді иеленді. Әлем чемпионаттарында 10 алтын, 3 күміс және 2 қолаға қол жеткізді. Қазақстанның зілтеміршілері 2008 жылы алауы тұтанған Бейжің Олимпиадасы мен 2010 және 2011 жылдары өткен дүниежүзілік доданың жалпы командалық есебінде үшінші орынға тұрақтады. 2012 жылы Лондон Олимпиадасы мен 2011 жылғы әлем чемпионатында екінші орынды олжалады. Азия ойындары мен құрлықтық біріншіліктерде атой салған кездеріміз де аз емес. Талай өреніміз рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, ел спорты тарихында қалуға тұрарлықтай іс тындырды. Тұрлыханов тізгінді ұстаған тұста қазақ жастары да осы спорт түріне көптеп тартыла бастады. Олардың алды әлемдік додада жеңіс тұғырына көтеріліп те үлгерді», - делінген хабарламада.