Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Бангкок қаласында ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаевтың басқаруымен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 61-сессиясы 16-мамырда басталған.
Бүгін Қазақстандықтар сесияға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған "Қазақстан қарқынды экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңартулар жолында" атты жолдауының басты қағидаттарымен таныстырды. Бас қосуға қатысушыларға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жүзеге асырудағы табыстары таныстырылды.
Қазақстандық өкілдер өз баяндамаларында отандық экономиканы диверсификациялауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға бағышталған Қазақстанды 2015-жылға дейін индустриялық-инновациялық дамыту стратегиясын жүзеге асырудағы жетістіктер жайында хабарлама жасады. Ал еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктен түскен кіріс көлемі алдағы уақытта Жалпы Ішкі Өнімнің жартысынан астам бөлігін құрауға тиіс. Сонымен бірге қаржы саласындағы жаңартулар, атап айтсақ, бағалы қағаздар рыногын, зейнетақы жинақтау жүйесін дамыту саласындағы реформалар туралы баяндалып, Қазақстанның тез арада Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өту ниеті атап көрсетілді.
Сессияға қатысушылар шара аясында Қазақстан туралы тұсаукесер бейнематериалдармен танысты.