Қазақстан байдарка мен каноэде ескек есуден олимпиада жүлдесіне үміт артады

«ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы біз оқырман назарына дүбірлі додада Қазақ елінің намысын байдарка мен каноэде ескек есуден қорғайтын спортшыларымыз жайындағы ақпаратты ұсынбақпыз.

Ғасырға жуық тарихы бар бұл спорт түрі бүгінде өте беделді халықаралық бәсекенің біріне айналып отыр. Жыл сайын әлемнің түпкір-түпкірінде байдарка мен каноэде ескек есуден жүздеген ұлттық және халықаралық жарыстар өтіп жатады. Ал әр маусымда жалауын көтеретін әлем чемпионатында әлемнің үздік ескекшілері 18 медаль топтамасы үшін бақтарын сынайды. Айта кетерлігі, Олимпиада ойындарында да ойып тұрып орын алған бұл сайысқа тігілген жүлделер саны жеңіл атлетика, жүзу, гимнастика және академиялыық ескек есуден ғана аз.

Сонымен Қазақстан қоржынында байдарка мен каноэде ескек есуде 4 олимпиада лицензиясы бар. Дегенмен, үш лицензияны иелік еткен спортшылардың есімі қазіргі уақытта белгілі. Ал соңғы лицензия қай спортшының қанжығасына байланатындығын әлем кубогының үшінші кезеңінен кейін белгілі болмақ.

Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасы басты үмітті Наталья Сергееваға артып отыр. Команда жаттықтырушыларының айтуынша, оның олимпиада ойындарының ең жоғары наградасына да қол созуға мүмкіндігі бар.

Екі баланың анасы Наталья Сергеева 1976 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Ұзақ уақыт Армияның спорт комитеті орталығы атынан өнер көрсеткен ол қазіргі уақытта Алматының Динамо командасы атынан жарыс жолына шығып жүр. Олимпиада ойындарында 500 метрлік қашықтықта жеке дара байдаркада ескек есу сайысына қатысады. Айта кетерлігі, бұл спортшы өткен жылы өте тамаша өнер көрсетіп, әлем кубогының үш кезеңінде бір алтын, екі күміс медальді еншіледі. Ал әлем чемпионатында беларусь спортшысымен өткен жарыста жарты секундқа кейін қалып, жүлделі үшінші орынан қағылды.

Осы спортшы жайында байдарка мен каноэде ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының бастығы Мухитдин Мейірбековтің пікірін білген едік. «Әлем чемпионатында сәл ғана сәттілік жетіспей қалды. Дегенмен менің ойымша, бұл жайтты Лондон олимпиадасында түзеуге болады. Оның әлемнің үздік үш спортшысы қатарынан көрінуге барлық мүмкіншілігі бар. Натальяда өте жақсы физикалық дайындықпен қатар, табандылық, қызуқандылық, жеңіске деген ынта жігер мол. Ал өмірде өте қарапайым адам», - деді ол.Алексей Дергунов

1000 метрлік қашықтыққа жұптасып байдаркада ескек есуден ел намысын Алексей Дергунов пен Евгений Алексеев қорғайды.

1984 жылы Орал қаласында дүниеге келген Алексей Дергуновта халықаралық санаттағы спорт шебері. 2011 жылы Теһранда өткен Азия чемпионатында бірінші орынды иеленген, Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының күміс медалін еншілеген.

«Бұл оның бірінші олимпиадасы. Динамо клубы атынан өнер көрсетеді, спорттық дайындығы өте жақсы. Оған және жұптасына финалға шығу әрі әлемнің үздік алтылығына кіру тапсырмасы жүктеліп отыр», - дейді Мухитдин Мейірбеков.

Евгений Алексеев Евгений Алексеев те 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының атынан өнер көрсетеді. Ол да жұптасы сияқты 2011 жылы Теһранда Азия чемпионы атанып, Гуанчжоудағы Азия ойындарында күміс жүлдегер болған.

Мухитдин Мейірбеков: «өзінің жұбымен жұптасып өте жақсы жұмыс істейді. Соңғы уақыттардағы нәтижесі жаман емес. Біз олардан сәтті өнер көрсетулерін күтеміз», - дейді

Ал соңғы төртінші лицензиядадан ағайынды Емельяновтардың дәмесі бар. Жоғарыда айтқанымыздай олардың қайсысы олимпиадаға қатысатындығын әлем кубогы шешеді. Сонымен үлкені Михаил Емельянов 1991 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2009 жылы әлем чемпионатының қола медалін, 2010 жылы Азия ойындарының қола жүлдесін еншілеген. «Жігіттің спорттық деңгейі өте жоғары деп бағалауға болады. Сондықтан да одан жоғары нәтижелер күтуге толық негіз бар», - деді Мухитдин Мейірбеков.Емельянов Михаил

Ал кіші Сергей Емельянов 1995 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Жастар арасындағы үш дүркін әлем чемпионы. Сонымен қатар ол тағы бір ағасы Тимофеймен жұптасып әлем чемпионатында 200, 500, 1000 метрлік қашықтықтарда үш алтынды олжалаған.

Мухитдин Мейірбеков: «ол ең жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін спортшымыз. Қазір 17-де, дегенмен 19-шы мамырда 17-ге толады. Ол біздің команданың тосын сыйы болуы бек мүмкін. Егерде жолдама үлкен ағасының қанжығасын майласа, онда ол 200 метрлік қашықтықта бағын сынайды. Ал егерде кішісі өзінің мықты екендігін дәлелдей алса, онда біздің команда 1000 метрлік жарыс жолында бақ сынайды. Қалай десек те олимпиада ойындарына олардың ең мықтысы баратындығы анық», - деді.

Сергей Емельянов PS: Олимпиада ойындары еріккеннің ермегі емес. Ал оған баратын спортшыларды үміт артып отырған ел-жұрты білуі тиіс. ҚазАқпарат бұл жобаны қолға алу барысында да дәл осы мақсатты басты бағдар етіп ұстанған болатын. Спорт саласының тұтқасын ұстаған шенеуніктердің құлағына алтын сырға, бір өкініштісі, елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түсетін байрақты бәсекені баз бір спорт түрлерінің басы-қасында жүрген азаматтар баланың ойыншығы көретін сияқты. Біз өз тарабымыздан байдарка және каноэден ескек есуде еліміздің намысын қорғауға тиісті спортшылар жайында мағлұмат алу үшін алдын ала хабарласып, қажетті ақпараттарды беруін өтінгенде құп алған шенді шенеуніктер де болды. Жемге-жем келгенде олардың сан түрлі сылтау айтып тайқуын түсінбей дал болдық. Дегенмен де дәл осы спорт саласында жүріп, байрақты бәсекеде спортшысының бәсі төмен болмауын тілейтін азаматтардың да бар екендігіне көз жеткіздік. Сондықтан да осы шағын ақпарды өз оқырмандарымыздың назарына ұсынуға барынша қолдау білдіріп, шын ниетімен спортшылар жайындағы ақпараттармен бөліскен Қазақстанның байдарка мен канодэ есуден ұлттық құрамасының бастығы Мұхитдин Мейірбековке шын ниетімізден агенттік атынан алғысымызды білдіреміз.