Қазақстан Бесландағы лаңкестік әрекет кезінде қаза тапқандарға арнап ескерткіш тұрғызу үшін 300 текше метр гранит тас жөнелтті

Кәсіпорынның шығындары мен тасымал шығындарын өтеу үшін Жамбыл облыстық бюджетінен 12,9 млн.теңге бөлінді. Департаменттің түсініктемесіне сәйкес, Жамбыл облысы гранит тастарды 2004-жылдың қыркүйек айында Бесландағы №1 мектепте болған лаңкестік әрекет салдарынан жүздеген адамынан айрылған қала тұрғындарына тарту ретінде жолдап отыр.

Қордайда өндірілген гранит басқа да осындай тас түрлерімен салыстырғанда тығыздығымен ерекшеленеді. Бұл тас Мәскеудегі Мавзолейді, құтқарушы Христос храмын, метро құрылысын, Астанадағы Бәйтерек кешенін салған кезде пайдаланылған, деді зауыт директоры Айдар Үкібасов.