"БҰҰ-ның ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және басқа да өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығының маңыздылығын ескере отырып Қазақстан Қырғызстан Республикасының БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-ші сессиясының төраға орынбасарлығына берген үміткерлік өтінішін қолдайды", - деп көрсетілген құжатта.
Тараптар сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен форумдар, оның ішінде, ТМД, ЕурАзЭҚ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, ШЫҰ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Азиядағы сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап көрсетті.
Мемлекет басшылары сондай-ақ, 2001 жылдың 15 желтоқсанындағы қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасындағы келісімнің күшіне енудің тарихи маңыздылығын атап өтті. Ол келісім тату-тәтті көршілік қатынастарының, Қазақстан мен Қырғызстан қауіпсіздігінің және жалпы Орта Азиядағы тұрақтылықтың нығаюының әрі қарай тереңдей түсуіне ықпал етпек. Президенттер сондай-ақ, Қырғызстанның Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық демалыстық шаруашылық нысандарына меншік құқын реттеу туралы үкіметаралық келісімді бекітуге өз ризашылықтарын білдірді.