Қазақстан Даму банкі 28 млн. доллардың синдикаттық несиесін өтеді

ING Bank N.V. бастаған шетелдік инвесторлар синдикаты бұл несиені 6 ай мерзіммен екі мәрте мерзімін ұзарту мүмкіндігімен бір жылға берген болатын.

LIBOR+2,7%-тік жылдық өсіммен синдикаттық несие беру туралы келісімге 2002-жылдың 12-маусымында қол қойылды.
Синдикатқа Bank Brussels Lambert S.A./N.V., Kuwait Investment Company S.A.K., Landesbank Schleswing - Holstein Girozentrale, Standard Bank London Limited, Bankgesellschaft Berlin AG, Dresdner Bank Luxembourg S.A., Westdeutsche Landesbank Girozentrale, Europaisch - Iranisch Handelsbank AG. тәрізді шетелдік банктер мен қаржылық институттар қатысты.
Синдикаттық несие банк клиенттерінің экспорттық -импорттық операцияларын қаржыландыру мақсатында берілді.
Банктің директорлар кеңесі 2003-жылдың 12-мамырында синдикаттық несиенің мерзімін ұзарту жөніндегі опционды пайдаланбай-ақ тиісті мерзімде берешекті өтеу туралы шешім шығарған. Банктің түсініктемесіне жүгінсек, дүниежүзілік несиелік капитал нарығында қалыптасқан қазіргі ахуалға, банктің қысқа мерзімді шараларды қаржыландыру жөніндегі балама мүмкіндіктерінің артуына, сондай-ақ, Қазақстан даму банкінің ұстанып отырған орта және ұзақ мерзімді несие беру саясатына байланысты осындай шешім қабылданыпты.
"Синдикаттық неси тарту - банктің халықаралық капитал нарығына табысты шығуына жол ашып, банк іс-қызметінің жаңа сатысына негіз қалады",- дейді банк өкілдері.