Қазақстан даму банкінің шетелдердегі жобаларға қатысу принциптерін республика үкіметі анықтайды

"Өткен жыл бойына біз банктің сыртқы рынокқа шығу жолдарына қатысты тұжырымдамалық ұстанымымызды айқындаумен шұғылдандық. Бұл құжат үкіметпен келісілген. Осыған байланысты ақпан айында тиісті қаулы шығады деп сенеміз",- деді Қ.Шалғымбаев. Қаулы банктің шетелдердегі жобаларға қатысу принциптері, негізгі басымдықтары, қатысу түрлері мен көзқарастарды айқындайды.

"Коммерциялық банктерден бір ерекшелігіміз, біз шетелдерге мейлінше пайда табу үшін шықпаймыз. Қазақстан даму банкінің басты мақсаты - Қазақстан экономикасымен технологиялық байланысы бар өндірістерге несиелер беру, Қазақстанда өңдеу үшін шетелдерден шикізат тартуға бағытталған өндірістер құруға түрткі болу, сондай-ақ, инвестициялық жобалар аясында елден тысқары жерлерде активтер сатып алу болып табылады",- деді ол.
"Біз қазір жоспарлы түрде алға жылжып келеміз. Шетелдік өндірістерге несиелер беруге бағытталған алғашқы қадамдар биыл жасалады деп ойлаймын",- деді Қ.Шалғымбаев. Осыған байланысты Қазақстан даму банкі бір Орталық Азия республикасы мен Мәскеуде өз өкілдігін ашпақшы.
Банк негізінен ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, ауылшаруашылығы мақсатында машина жасау, радио-электротехника тәрізді салаларды қаржыландыру бағытын ұстанады.