ерлер теннис құрамаларының рейтингісінде 4 сатыға жоғарылады.
Былтыр Қазақстан ерлер құрамасы Дэвис Кубогының іріктеу кезеңі аясында Астанада Швейцария теннисшілерін 5:0 есебімен ойсырата жеңгеннен соң, әлемдік топтағы үздік 16 элиталық командалардың қатарына қосылып, финалдық кезеңде өнер көрсетуге жолдама алған болатын. Жеребе тарту кезінде Қазақстан былтырғы жылдың жартылай финалисі Чехиямен кездесу өткізетіндігі белгілі болды. Жерлестеріміз 4-6 наурызда, қарсыластардың кортында, Чехияның Острава қаласында өткен кездесуде 3:2 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасына 2 ұпайды еліміздің 1-ракеткасы Андрей Голубев салды. Ол чехиялықтар Ян Гайек пен Томаш Бердыхтан айласын асырып, кездесу тағдырын 2:2 есебіне жеткізді. Ал соңғы кездесуде Михайл Кукушкин жоғарыда аты аталған Ян Гайекті ұтты.
Нәтижесінде Халықаралық теннис федерациясының (ITF) Дэвис Кубогы рейтингісінде Қазақстан 4 сатыға көтеріліп, 16-орыннан 12-орынға жайғасты. Теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы бұның алдында өздерінен бірнеше саты жоғары тұрған, алайда Дэвис Кубогінің әлемдік топтағы алғашқы матчтарында жеңіліске ұшыраған Үндістан, Чили және Австрия құрамаларын басып озды. Рейтингтің үздік үштігі өзгеріске ұшыраған жоқ. Бірінші орында бұрынғысынша Испания тұр. Екінші орында Сербия құрамасы болса, үшінші орында қазақстандықтардан тартқан жеңілістеріне қарамастан Чехия теннисшілері келеді.
Посткеңестік елдердің ішінде ең жоғары рейтинг (әлемдік топта шведтермен болған кездесуде жеңіліс тапса да) әлі де болса Ресей құрамасында. Ол 7-орында тұр. Қазақстан ендігі кездесуді Аргентина құрамасымен өткізеді. Келесі кезеңге Аргентина мен Қазақстан елдерінен бөлек, Сербия, Швеция, Германия, АҚШ, Испания және Франция шығып отыр.
Дэвис Кубогы - бұл ерлер ұлттық құрама командалары арасындағы ең ірі жарыс болып табылатын халықаралық теннистік турнир. Ағымдағы турнирдің жеңімпаздары - Испанияның құрамасы. Жоғары деңгейлі бұл дүбірлі сайысқа қазақстандықтар алғаш рет қатысып отыр.