Қазақстан делегациясы Армения президенті С. Саркисянның ұлықтау рәсіміне қатысты

"9 сәуір күні Ереванда ҚР парламенті сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей бастаған Қазақстан делегациясы Серж Саркисянның Армения Республикасының президенті лауазымына ресми түрде кірісу салтанатына қатысты. Оған сондай-ақ, 58 мемлекеттің делегациясы мен 12 халықаралық ұйымның өкілдері келіп қатысты", - деп көрсетілген бейсенбі күні таратылған СІМ хабарламасында.

Бұдан бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев С. Саркисянның Арменияның жоғарғы мемлекеттік қызметіне сайлануына құттықтау хатын жолдаған болатын.

Ұзақ уақыттар бойы жоғарғы мемлекеттік қызметтерде болған С. Саркисян Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуды қолдайды. Ол бұған дейін Қазақстанмен арадағы келіссөздері кезінде осы жайлы бірнеше мәрте мәлімдеген еді.

Сондай-ақ, кеше салтанатты шара аясында Мұхамбет Көпейдің Армения Республикасының ұлттық жиналысының төрағасы Тигран Торосянмен кездесуі өтті.