Қазақстан демократия және бостандық жолымен алға тарта береді- президент Назарбаев

Кездесу барысында білім беру және денсаулық сақтау саласын, ұлтаралық келісім мен мәдениетті дамыту тақырыптары қозғалды. "Мәдени мұра" бағдарламасын жүзеге асыру және мемлекеттік тілді дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары күрделі экономикалық проблемалар шешілуге байланысты мәдениет саласына жеткілікті көңіл бөлуге мүмкіндік болмады, деді президент. Ал қазір "Мәдени мұра" бағдарламасын жүзеге асыру және қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсаттарына 2 млрд. теңге бөлініп отыр, оның 300 млн. теңгесі Маңғыстау облысында игерілуі тиіс.
Мемлекет басшысы Қазақстан аумағында тұрып жатқан халықтардың достығы, өзара сенімі мен теңдігіне негізделген ел ішіндегі саяси тұрақтылықтың маңызын атап өтті. "Қазақстан - ТМД елдерінің аясындағы ең көп ұлтты мемлекет. Осы 13 жылдың ішінде мұнда бір тамшы қан төгілген жоқ, аналар баласын жоқтаған жоқ. Бұның бәрі де қазақ халқының төзімділігіне тікелей байланысты",-деді Н.Назарбаев.
Елбасының айтуынша, Қазақстанда тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге осында тұратын барлық халықтардың мәдениетін дамыту қажет. Ол еліміздегі ұлттық мәдени орталықтардың өкілдерін халықтар арасындағы достық, саяси тұрақтылық және теңдік мәселелерін кеңінен насихаттауға шақырды. "Бұлар - Қазақстанның гүлденуіне негіз болатын ең басты факторлар",- деді ол.
Мемлекет басшысы "Қазақстан демократия және бостандық жолымен алға тарта береді" деп атап көрсетті. "Халықтың қолдауы, бірінші кезекте,оның ең ойламды бөлігі - зиялы қауымның қолдауымен мен мемлекетіміздің дамуы үшін бәрін жасаймын",- деді мемлекет басшысы. Президент елімізде гуманитарлық және әлемдік өркениеттер университеті құру көзделіп отырғанын хабарлап, ұлы ойшылдар мен еліміздегі танымал тұлғалардың туындыларын қазақ және ағылшын тілдеріне аударуды ұсынды.
Қазақстан президенті "қолда бар алтынды бағалап аялауға" шақырды. "Еліміздің жарқын болашағына қажетті алғышарттар , атап айтсақ, байлыққа толы жер қойнауы мен қоры, сауатты әрі білімдар халқы бар. Экономикалық даму үшін ауадай қажет мұндай факторлар мемлекеттердің бәрінде бірдей бола бермейді",- деді ол.