Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткеннен кейін оған қатысушы елдер республикаға мейлінше қолайлы жағдай жасауға міндеттеме қабылдайды

"Нәтижесінде қазіргі дүниежүзілік нарықта Қазақстандық кәсіпорындарға қолданылып отырған алалаушылық нормалар жойылуы тиіс",- деді Ә.Жақсыбеков.

Оның айтуынша, бұл кедендік тарифтерге де, қазақстан өнімдерінің халықаралық рыноктарға шығу жағдайына да байланысты болмақ. "Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту нәтижесінде қазір қазақстандық кейбір тауарлар экспортына сақталып отырған квота алынып, қазақстандық өнімдердің дамушы елдер рыногына шығу мүмкіндігі артады",- деді индустрия және сауда министрі.
Мәселен, Қазақстанның құрыш-болат өнімдерін Еуропалық Одақ нарығына экспорттау мөлшері жылына 110 мың тоннадан аспайды деген квота алынуы тиіс. "Еуропалық одақ бұл квотаны Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтісімен алып тастауы тиіс. Өткені экспортқа ерікті шектеу қоюға бағытталған мұндай тәжірибеге Дүниежүзілік сауда ұйымы тарапынан тыйым салынған",- деді Ә.Жақсыбеков.
Министрдің айтуынша, біріздендірілген халықаралық сауда кеңістігіне шығу қазақстандық тауарларға басқа елдер тарапынан кедендік алымдар, акциздер мен ішкі салықтар жинау, түрлі техникалық тосқауылдар қоюда қолданылатын дискриминациялық нормалардан жоғары деңгейде құқықтық қорғануға мүмкіндік береді. "Мәселен, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту - қазақстандық өнім экспорттаушылардың антидемпингтік тексерулерге байланысты шығындарын кемітуі тиіс".
Министрдің айтуынша, "қазіргі таңда қазақстандық тауарларға қатысты демпингге қарсы тергеу-тексерулер нарықтық экономика дамымаған елдерге қолданылатын арнаулы тексеру әдістемесін қолдану негізінде дискриминациялық сипатта жүргізіледі". Мәселен, министрдің айтуынша, "Қазақстандық күкіртті кремнийлі марганец және көміртекті болат өнімдері бойынша демпингге қарсы тексеру осындай өнімдерді суррогатты елде өндіру жағдайына сәйкес жүргізілу салдарынан тауарларға тиісінше 248 және 243 проценттік антидемпингтік баж салығы белгіленді".
"Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткеннен кейін мұндай тексерулер нарықтық экономика дамыған экспорттаушы елдерге қатысты қолданылатын, өнімнің нақты өзіндік құнын ескеруге негізделген әдістеме бойынша жүргізілетін болады",- деді Ә.Жақсыбеков.