Қазақстан «ЕХРО-2017» өршіл жобасын лайықты деңгейде жүзеге асырады - Беларусьтегі кездесу

Дөңгелек үстелдің жұмысына Беларусьтің танымал ғалымдары, Ұлттық жиналыстың депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың басшылары және Беларусьте тіркелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.

«Негізгі баяндаманы Қазақстан елшісі Ерғали Бөлегенов жасады, ол шара қатысушыларын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген дамудың «жасыл жолына» экономиканы көшіру жөніндегі нұсқауларымен және тиісті Тұжырымдамамен және үкіметтің оны жүзеге асыру жөніндегі бағдарламаларымен таныстырды», - делінген таратылған хабарламада.

Дөңгелек үстел қатысушылары Президенттің Жолдауында белгіленген өршіл жоспарларға және қазақстандық бағдарламалық құжаттарға жоғары баға берді. Беларусь Ұлттық жиналысының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Геннадий Пальчик энергияның баламалы көздеріне көшу жөніндегі әлемдік үдерісті ескере отырып, шара тақырыбының өзектілігін атап көрсетті.

Беларусь Ұлттық ғылым академиясы төралқасы төрағасының орынбасары Сергей Чижик өзінің жақында Астанада болған сапары туралы хабардар етіп, оның барысында «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірліктің барысымен танысқанын айтты және Қазақстан осы өршіл жобаны лайықты деңгейде өткізетініне сенімін білдірді.


«Парасат» ұлттық ғылыми-техникалық холдингі» АҚ физикалық-техникалық институтының директоры, профессор Серікбол Тоқмолдинның энергия үнемдейтін жарықтандыру құралдары және энергияның қайталама көздерін алу саласындағы қазақстандық ғылыми жасалымдар туралы хабарламасы дипломатиялық корпус өкілдері арасында зор пікірталас туғызды.

Шара қорытындысымен «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы бойынша халықаралық конференция хатшылығына дөңгелек үстел қатысушыларының үндеуі қабылданды, онда Қазақстан бастамасының халықаралық аренадағы өзектілігі атап өтілген.