"Ислам Даму банкіне мүше елдер мен аймақ елдерінің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға Өзбекстан тарапынан өзіндік үлес қосуын асыға күтеміз",- деді Ислам Даму банкінің президенті Ахмед Мұхаммед Али.
Оның айтуынша, Орталық Азия аймағымен қарым-қатынасты нығайтуға банк айрықша маңыз береді. Қазір бұл аймақтың барлық елдері қаржылық ұйымға мүшелікке өтіп отыр.
Ашық теңізге шыға алмайтын бұл аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беру үшін Ислам Даму банкі мұнда темір және автожолдар салу арқылы Орталық Азия аймағындағы республикалар арасында тығыз байланыс орнатуға түрткі болатын жобаларды қолға алмақ ниетте,- деп хабарлады банк президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Орталық Азия аймағында барлық 5 мемлекеттің де мүддесі тоғысқан болашағы зор ортақ жобалардың бар екеніне ерекше тоқталды. "Біз Орталық Азия аймағында су-энергетикалық, азық-түлік және көлік консорциумдарын құру жөніндегі шешімдердің жедел түрде жүзеге асырылауына үміт артамыз. Бұл жобаларға Ислам Даму банкі де қызығушылық танытады дегенге сенім зор",- деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде , отырыстың ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеген Өзбекстан вице-премьері Элиор Ганиев бүгінде Орталық Азия аймағында экономиканың әртүрлі саласында ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер жасалып, капитал салуға қолайлы әрі көлемді рынок қалыптаса бастағанын атап көрсетті. Осы орайда ол Өзбекстанның Ислам Даму банкімен ынтымақтастыққа зор маңыз беретінін айтып өтті.
"Өзбекстанда Ислам Даму банкімен және оған мүше елдермен ынтымақтастыққа үлкен үмітпен қарайды. Бұл тек Өзбекстанда ғана емес, сонымен бірге тұтас бір аймақта орта және ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз",- деді Э.Ганиев. Осындай ынтымақтастық аясында басымдық берілетін бағыттар ретінде ол көлік коммуникациясы, энергетикалық сектор мен жалпы инфрақұрылымды дамыту салаларын атады. Өзбекстан сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды қолға алуға мүделлі екенін мәлімдеді.