Қазақстан Елшілігі Меккеде елімізден қажылық сапарға барған жамағатпен салауатты кеш өткізді

Елші Қайрат Лама Шариф қажылық парызын орындау үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мұсылмандар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықтың жетістіктері туралы баяндап берді. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Бақыт Батыршаев өз кезегінде жиналған қауымға 2011 жылы Қазақстанның мұсылман әлеміндегі осы ең беделді ұйымға төрағалық етуінің мақсат-мүдделерімен таныстырды.

ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Мұхаметқалиев осы күндері 3,5 мыңнан астам қажыларға қызмет көрсетіп жатқан қажылық миссиясының іс-шараларын сөз етті. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Қажылық бөлімінің меңгерушісі Әлішер Спанов қазақстандық қажыларға Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің дұғай сәлемін, елге аман-есен оралуларын Алла тағаладан тілеген дұғасын жеткізді.

Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының атқарушы директоры Балғабек Мырзаев қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шыққанн «Қажылық» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады. Сонымен қатар қажылар «Асыл арна» телеарнасы дайындаған «Нұрлы жол» фильмін тамашалады. Елшіліктің қонақасында қажыға келген ақсақалдар имандылық туралы ой толғап, ақ баталарын берді.