Қазақстан елшілігі Украинаны фашистерден азат ету туралы деректі фильмді Киев жұртшылығының назарына ұсынбақ

Фильм Украинаның фашистерден азат етілгеніне 70 жыл толу құрметіне арнайы түсірілген.

Қазақстан СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі бөлімнен тұратын телефильмнің тұсаукесері 14-мамыр күні Киветегі Ұлы Отан соғысы тарихы мұражайында өтпек.

Тұсау кесер рәсіміне соғыс ардагерлері, ТМД дипломатиялық миссияларының, Украинаның СІМ, Мәдениет министрлігі мен Қорғаныс министрлігі өкілдері, сол жақта тұратын қазақ диаспорасы өкілдері, БАҚ қызметкерлері шақырылған.

Қазақстанның Украинадағы елшілігі түсірген фильмде бұрын-соңды пайдаланылмаған бірегей бейнематериалдар, қазақстандықтардың майдан мен тылда Жеңіске қосқан үлесін паш ететін соғыс куәгерлері мен ардагерлердің естеліктері көрсетіледі.

Соғысқа аттанған 1,2 млн отандасымыздың 600 мыңы Украинаны азат ету жолындағы ұрыстарға тікелей қатысқан. Оның 300 мыңы украин жерінде көз жұмды. Сол жолғы шайқаста ерлік пен қайсарлық танытқан 156 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.


Сонымен қатар, мамыр айында Харьков облысының Краснодар қаласында 106 Ақмола квавлериялық дивизиясы жауынгерлеріне ескерткіш стела орнатылмақ. Онда «Ерлікке толы 106 Қазақ Кавалериялық дивизиясының жауынгерлеріне тағзым еткен қазақстандықтардан» деп жазылған».