3-наурызда елші басқарған өкілдер тобы Омбыдан Челябинскіге ұшып келді. Түске дейін Қ.Көшербаев Ұлы отан соғысы жылдарында опат болғандарға арналған ескерткіш Аллеяға барып, "Мәңгілік отқа" гүл шоқтарын қойды. Сол күні ресми өкілдер Челябинск облысының губернаторы Петр Суминмен жүздесті. Тараптар екі жақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған іс-шаралар аясын кеңейтуге, шекаралық кәсіпкерлікке байланысты проблемаларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстарды әзірлеуге келісті.
Сол күні аймақааралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтіп, оған "ЕурАзЭҚ іскерлік кеңесі" қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковец, Ресей және Қазақстан жағының шекаралық ынтымақтастық жөніндегі ішкі комиссияларының тең төрағалары мен екі елдің іскертоп өкілдері қатысты. Отырыста Қазақстан елшісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауының басты бағыттары туралы жан-жақты баяндама жасады.
Губернатормен келіссөздерден кейін "ЕурАзЭҚ іскерлік кеңесі", "ТұранӘлемБанкі" мен Челябинск облысы үкіметінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Челябинск облысы Ресейдегі индустриясы жоғары деңгейде дамыған өңір. Облыс аумағында түрлі меншікке негізделген 98 мың кәсіпорын мен ұйымдар жұмыс істейді. Облыстағы қара металлургия кәсіпорындары Ресейде өндірілетін жалпы прокат пен құрыштың 25 процентін, болат құбырлардың 13,5 процентін шығарады. Челябинск облысы мен еліміздің Қостанай және Ақтөбе облыстары арасында табысты ынтымақтастық дамып келеді.