Қазақстан елшісі Катар Әміріне сенім грамотасын тапсырды

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін өткен сұхбат барысында тараптар әр түрлі салалардағы екі жақты қатынастарды дамыту және тереңдету мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастық екпінді дамып, саяси, экономикалық және мәдени салалардағы қатынастар жоғары деңгейге көтерілгені тілге тиек етілді.

ҚР Елшісі Қазақстан Катарды Парсы шығанағы елдері арасындағы маңызды әріптесі ретінде қарастыратындығын атап өтті. Осы орайда өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың маңызды факторы ретінде екі мемлекет басшылары арасында орнаған достық және жылы қарым қатынастар көрсетілді.

А.Бердібай Катар басшысына еліміздің экономикалық дамуы, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатындағы жоспарларымыз туралы әңгімеледі.

Шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда демократияны дамыту мен саяси реформаларды жүзеге асыруда, еліміздің экономикалық дамуындағы қол жеткізілген табыстарды жоғары бағалады.

Катар Әмірі өз елінің Қазақстанмен барлық салаларда өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі дамуына мүдделі екендігін атап өтті. Осы орайда ҚР президенті шақыруына сәйкес биылғы жылдың тамыз немесе қыркүйек айларында Қазақстанға сапар жасайтынын хабарлады. Сонымен бірге, Катар мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы елшілігі жақын арада ашылатындығын да жеткізді.

Сұхбат соңында Катар басшысы ҚР президенті Н.Назарбаевқа ізгі ықылас тілектерін бағыштап, Қазақстан халқына одан әрі гүлдене беруіне тілек білдірді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті