"Кездесу барысында Кристиан Штрохаль Астананың ұйымға төрағалық жасауы бірегей тәжірибе болмақ деп атап өтті", - деп хабарлайды СІМ-нің баспасөз қызметі. ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының директоры "дүниежүзілік қоғамдастықтың Қазақстанға 2010 жылы ұйымның төрағалық лауазымына тағайындалуына байланысты айрықша назар аударып отырғанын" атап өтті. К. Штрохальдің пікірінше, "Қазақстан ұйымды модернизациялауға, оны басқаруға қатысты жаңаша көзқарастар әкеліп, ұйымға мүше барлық елдердің арасындағы біртұтас ықпалдастық ауанын нығайту ісіне үлес қоса алады". Шетелдік елші "Қазақстанның аталған лауазымды иемденуге белсене дайындала бастауы қажет екенін және ұлттық деңгейде мемлекеттік модернизациялау саясаты бойынша белсенді саясат жүргізуі қажет екенін" атап көрсетті.
Осы орайда К. Штрохаль ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының Қазақстанға гуманитарлық саладағы ұлттық жобаларды жүзеге асыруға мейлінше қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Варшавадағы кездесу барысында Қазақстандық елші сұхбаттасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жолдауының басты қағидаларымен таныстырды.
Кездесу барысында ағымдағы жылдың күзіне межеленген мұсылман және батыс елдерінің сыртқы істер министрлерінің "Біртұтас әлем: әртүрлілік арқылы ілгерілеушілік" атты кездесуін өткізуге баса назар аударылды. Тараптар мұндай форумды өткізудің өркениеттер арасындағы үнқатысуды дамытудағы төтенше маңызы мен өзектілігі жөнінде ортақ пікірге келді.